Спорт

Петропавлда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының алқа отырысы өтті

Сол себепті, әсіресе, қысқы спорт түрлерінің дамуы қажет екені орынды. Дегенмен де 2015-2016 жылғы маусымда спортшыларымыз айтарлықтай жетістіктер көрсете қойған жоқ. Жиында сөз алған облыстық олимпиада резервін даярлау орталығының директоры Сергей Пермин өзі басқаратын мекеменің атқарған жұмысын баяндады.

Сергей Пермин – СҚО олимпиада резервін даярлау орталығының директоры:

– Қазіргі таңда олимпиада резервін даярлау орталығында 20 адам коньки, биатлон және шаңғы спортымен айналысады. Өткен маусымда қаржыландырудың қысқартылғанына қарамастан жоспарланған барлық іс-шаралар ұйымдастырылды. 3 спортшымыз: Мария Громова, Вячеслав Зарецкий мен Дастан Дельдеш 2-ші жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарына жолдама үшін сайысқа түсіп, тек коньки спортынан Мария Громова ғана жаһандық жарысқа өте алды. Бірақ, оның сонда көрсеткен нәтижесі өзінің жеке рекордына жете алмады.

Сергей Перминнің айтуы бойынша бұл бапкерлердің спортшыларды дұрыс жаттықтырмауына байланысты. Олар маңызды жарыс алдында жас өрендерді психологиялық тұрғыда дайындамайды. Оның үстіне шаңғы спортына қажетті жабдықтардың сапасы төмен екен.
Өткен жылы конькимен жүгіруден ел біріншілігінде өңіріміз екінші орынға тұрақтаған. Жекелей сында Татьяна Климчук, Роман Креч, Дмитрий Бабенко түрлі қашықтықтарда бірінші және екінші орындарды иеленіпті. Сонымен қатар, Федор Андреев 5 мың метрде қола жүлдеге қол жеткізген. Қазіргі таңда конькимен жүгіруде өңіріміздің намысын сәтті қорғап жүрген тек осы аталған спортшылар ғана. Ал резервте олардың орнын басар ешкім жоқ. Бұл бағытта облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин шаңғы және коньки спортына қатысты бірқатар мәселелерді атап, оны кешенді түрде шешуді тапсырды.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Бүгінде облыс әкімі тапсырған спорттық жабдықтарды сатып алу жұмыстары сылбыр жүріп жатыр. Биыл 7 мың 58 шаңғы құралдарының тек 216-сы ғана алыныпты. Өңірде қаншама хоккей корттары салынып жатыр. Бірақ, тебетін коньки жоқ. Қажетті 5 мың 754 коньки жабдығының 455-сі алынған. Бұл тек 10 пайызды ғана қамтиды. Жұмыстарды атқаруда қарқын қосу қажет. Барлық жабдықтар келесі 2016-2017-ші қысқы маусымға дейін болуы керек. Енді бұл жағдайға ай сайын бақылау жүргізіледі.

Сондай-ақ, жиында келер жылы Алматы қаласында жалауын желбірететін бүкіләлемдік қысқы универсиадаға қатысатын үміткерлердің дайындығын мықтап қолға алу міндеттелді.

Айгерим Ержанова