МТРА жаңалықтары

Кәсіптен нәсіп тапқан кәсіпкер

Дәл қазір Алексей Васильев полипропилен материалынан өндіріске қажетті жабдықты әзірлеу үстінде. Қондырғы автоматтандырылған. Көптеген материалдарды, тіпті түсті металлдарды бүлдірместен кесуге қауқарлы. Жабдық дайын болғаннан кейін «Анисифоров» ЖК бригадирі Константин Шалдугаға беріледі. Ол қырларын түзеп, жабдықтарды бір-біріне қосады. Жалпы маманның бұл кәсіпорынға келгенінен 1,5 жыл болыпты. Айтуынша, жұмысы көңілінен шығады.

Константин Шалдуга – «Анисифоров» ЖК бригадирі:

– Жұмысыма тез үйреніп кеттім. Атқаратын ісіміз ауыр емес. Бар болғаны дұрыс аралап-кесу. Барлығын сапалы түрде жасаймыз. Мұндағы ұжымда жақсы. Жалақымыз уақытылы беріліп тұрады.

16 жылдық тарихы бар “Анисифоров” жеке кәсіпкерлігі бастапқы кезде терезе мен түрлі есіктер шығарумен айналысатын. Мұнда өткен жылдың күз айында жаңа желі іске қосылған. Онда полипропилен материалынан сыйымдылықтар, бассейндер мен қайықтар жасайды. Сонымен қатар су үстінде кафе құру үшін понтондарды да әзірлейді.

Виталий Анисифоров – «Анисифоров» ЖК директоры:

– Біздің елімізде кәсіпкерлерге деген қолдау өте зор. Оның ішінде шағын және орта бизнеске көп көңіл бөлінуде. Мәселен біз жуырда “Даму” қоры арқылы 10 млн теңгеге несие алдық. Оның бірнеше пайызын мемлекет өтейді. Ол қазіргі қысылтаяң шақта біздер үшін үлкен көмек. Жалпы тауарларымызды Ресейдің бірнеше облыстарына саудалап жатырмыз. Тапсырыстар бар.

«Анисифоров» ЖК бүгінгі күні 3 бағыт бойынша жұмыс істейді. Алдағы уақытта кәсіпорын басшылығы өндіріс ошағын жан-жақты кеңейтпек ниетте.

Риат Шони