Құқық қорғау органдары

Қаланы безендіру үшін орнатылған дөңгелектер қолды болды

Қалаға ерекше көрік беріп тұрған бұл конструкция да бәз біреулерге кедергі келтірген сыңайлы.

Александр Михайлов – Петропавл қаласы ІІБ жергілікті полиция қызметінің бастығы:

– Сағат түнгі үштер шамасында Қазақстан Конституциясы көшесі бойындағы дөңгелектерді біреулердің алып кетіп бара жатқандығы туралы хабар түсті. «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу шарасы барысында еш жерде жұмыс істемейтін 2 азамат ұсталды. Біреуінің жасы 30-да, ал екіншісі 20-да.

Ұсталған уақытта олардың екеуі де масаң күйде болған. Мұндай әрекетке неліктен барғандарын да жөнді айтып түсіндіре алмапты. Енді бұзақылар 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлемек.

Олеся Алпеева – қала тұрғыны:

– Олардың бұл әрекетін ерсі деп білемін. Қаламызда әдемі композициялар тұрғындар үшін орнатылады ғой. Ал, олар болса ішімдік ішіп, конструкцияларды бұзып, зақым келтіруде.

Жалпы «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы басталғалы бері 1 жарым мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Олардың 97-сі ұсақ бұзақылық жасау болса, 342-сі абаттандыру ережелерінің сақталмауына қатысты. 359 адам қоғамдық орындарда ішімдік ішкені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жылдамдық режимін бұзудың – 101, рөлде отырып ұялы телефонмен сөйлесудің 134 фактісі тіркеліпті. Тағы қауіпсіздік белдігін тақпаудың – 16, көлікті мас күйінде тізгіндеудің 50 фактісі анықталған.

 

Магжан Ахмадина