МТРА жаңалықтары

Петропавлдық 2 оқушы халықаралық ғылыми-жобалар байқауынан жеңіспен оралды

Әр нысан түрлі дәуірлерде бой көтерген. Яғни, сталиндік, хрущевтік, брежневтік кезеңдер. Мәселен, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры сталиндік классицизмге жатады. Бұрындары бұл нысан энергетиктердің ғимараты болған екен.

Яна Савенкова – “ЮНЕСКО” клубы көркемөнер лицейінің тәрбиеленушісі:

– С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры көңілімнен шықты. Ескі суретпен қазіргісін салыстырсақ бірнеше өзгерістер орын алған. Бұрын ғимаратта Кеңес дәуірінің елтаңбасы болса, қазір ол жоқ. Дәл солай екінші қабаттағы терезелері де бүгінгі күні жоқ.

М.Қозыбаев СҚМУ-ің үшінші корпусы, Достық үйі, облыстық мәслихат. Бұның барлығы сталиндік классицизм стилімен ұштастырылған. Университеттің оқу ғимаратына үңілетін болсақ, нысан қазақы нақышта безендірілген. Яғни, қасбетінде ұлтымызға жақын ою-өрнектерді кездестіруге болады.

Міне, осындай тарихы мол ғимараттарды тізбектеген “ЮНЕСКО” клубы көркемөнер лицейінің қос тәрбиеленушісі Эвелина Залесская мен Яна Савенкова 2 жыл бойы ғылыми-жоба әзірлепті. Сәуірдің 10-ы мен 15-і аралығында Мәскеуде өткен Вернадский атындағы байқауда бақтарын сынаған. Халықаралық конкурста қос бұрымдының жолдары болып, 1-ші орынды иеленіпті.

Людмила Зайнутдинова – “ЮНЕСКО” клубы көркемөнер лицейінің өнер тарихы пәні мұғалімі:

– Сәуірдің 19-ы күні біз Мәскеуден енді келіп жатқан кезде Екатеринбург қаласындағы байқауға қатысатынымыз жайлы хабар келіп түсті. Келесі күні бірден пойызға мініп Ресейге қайта аттандық. Онда шәкірттерім дәл осы жобаны қорғап, “Саяхатшылар” номинациясында 1-ші орынды иеленді. Оған мен өте қуаныштымын.

Жалпы халықаралық байқауға Чехия, Украина, Ресей және де өзге де ТМД елдерінің көркемөнершілері қатысқан болатын. Сайыстан жеңіспен оралған Яна Савенкова жобаны дайындау барысында қаламыздағы ғимараттар жайлы мол мағлұмат алдым дейді.

Яна Савенкова – “ЮНЕСКО” клубы көркемөнер лицейінің тәрбиеленушісі:

– Бұл жобамен айналыспай тұрғанда мен қаламыздағы ғимараттардың тарихын мүлдем білмейтінмін. Шаһарымыз өткен ғасырлардың сырына толы. Қазір мен қай нысан бұрындары кімге тиесілі болғанын білемін. Жобаны әзерлеу барысында біз техникалық инвентаризациялау бюросынан көп құжаттарды қарастырдық.

Енді қос бұрымды Яна Савенкова мен Эвелина Залесская бұл зерттеулерімен тоқтамақ емес. Алдағы уақытта олар өзге де дәуірлердің ғимараттары жайлы ақпараттар жинап, жаңа жоба әзірлемекші.

Риат Шони