Көлік және жолдар

Петропавлда жол жөндеу жұмыстары басталды

Соңғы 5 жылда жөндеу көрмеген мына жол әбден ойдым-ойдымға айналыпты. Қазір ол шұңқырлар толық бітеліп жатыр. Одан бөлек жиек тастар орнатылуда. Бұл жұмыстар біткеннен кейін барып, асфальт жайылмақ. Мұның барлығын «Су 808» серіктестігі іске асыруда.

Алмас Қабенов, «Су 808» ЖШС шебері:

– Дәл қазір ескі жиек тастарды алып, орнына жаңасын қойып жатырмыз. Абай – Тоқсан Би көшелерінің қиылысына дейін орнатып үлгердік. Бірінші жолды тегістеп алуымыз керек. Бұл бағытта 15 адам мен 9 техника жұмыс жасап жатыр. Абай көшесін 1 -1,5 айда жөндеп бітіреміз.

Кейінгі жылдары қалада көлік көбейе түскен. Жаңа ғимараттар бой көтеріп, оларды тұрғызуға ауыр техникалар жұмылдырылуда. Бұның барлығы жолдың бір шетінен пайда болған ойықты ұлғайтқан үстіне үлкейте береді. Сондықтан сапалы жолдар салынса дейді тұрғындар.

– Осы қалада қанша жыл тұрып келе жатырмыз, дәл осы көшенің соңғы рет қашан жөнделгені есімде жоқ. Көшеде алаңсыз көлікпен өте де алмайсың. Ой-шұңқырды айналып жүргенің.


– Кейбір шағын аудандарда көлік түгіл жаяу өту мүмкін емес. Қала көшелерінде жөндеу жұмыстарының басталғанына қуаныштымын.

Сондай-ақ, биыл Береке шағын ауданындағы – Ибраев, Бесінші Сенная, Ухабов көшелері, Облыс орталығындағы – Мир көшесінің , Жуковтен бастап , Семашко көшесіне дейінгі аралығы толық жөндеуден өтеді.

Серік Қанапинов – Петропавл қаласы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

 


– Одан бөлек тағы 9 жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бірқатарын атап кетсем – Исмайлов, Васильев, Труд көшелері, Егемен Қазақстан көшесінің Абай көшесінен басталып, Интернациал көшелеріне дейінгі аралықтары.

Ал, Батыр-Баян көшесінің ойылып кеткен тұстары жамалады. Ондай жұмыс көшенің 3 шақырымында жүргізіледі. Жалпы биылғы жылы Петропавл қаласында 20 км жол жаңғыртылмақ. Оған бір жарым миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Акбопе Танирберген