Спорт

Петропавлда әуесқой аула командалары арасында футболдан турнир басталды

Бүгінде кезекті турнир өз жалауын желбіретпек. Сайысқа қатысушылардың барлығын облыс әкімінің атынан орынбасары Мұхтар Манкеев құттықтап, сәттілік тіледі.

Мұхтар Манкеев – СҚО футбол федерациясының президенті, облыс әкімінің орынбасары:

– Облыстық футбол федерациясы өздеріңіз білетіндей түрлі бастамаларды қолдайымыз. Осындай турнирді өткізу Жас Отан жастар қанатының бастамасы. Өз тарапымыздан әрине барынша қолдау көрсетеміз. Өйткені бұқаралық спортты дамыту қажет. Жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тілеймін.

Көп ұзамай турнирдегі алғашқы кездесу де басталды. Алаңда ақ жейдедегі “Спартак” пен жасыл формада “Қарасай” командалары. Қос құрамада бір-біріне тегеурінді қарсылық танытуда. Дегенменде, ойындағы есепті алғашқы болып Спартак ашты. Ал тез ес жинаған Қарасай ойыншылары араға 4 минут салып таразы басын теңестірді. Осылайша бірінші тайм өз аяғына жетті. Келесі 45 минуттықта қос құрама бір-бірінің қорғанысын бұза алмай әлек болды. Бірақта сауатты ойын өрнегін көрсеткен Қарасай футболшылары қарсылас қақпаға гол соғып, алғашқы жеңісін тойлады.

Рустам Малабаев – “Қарасай” командасының ойыншысы:


–  Біз 6 жыл бойы бұл турнирге қатысып келеміз. Осы күнге дейін бүгінгі қарсыласымызды ұтып көрмегенбіз. Жеңіске жеттік. Қуаныштымын.

Турнирдегі бірінші кездесулерінде жеңіліп қалған Спартак ойыншылары сан соғып қалсада, мұңайған жоқ. Алдағы ойындарда жеңістен дәмелі.

Тимофей Кришталь – “Спартак” командасының ойыншысы:

– Әрине жеңіліп қалғанымыз өкінішті. Дегенменде, бұл алғашқы ойын ғой. Оның үстіне қарсыласта мықты. Енді алдағы кездесулерде тек жеңіске жету керек.

Дәл осы күні алаңда Арлан мен Авангард құрамалары кездесті. Ойын 14:0 есебімен Авангардтың пайдасына шешілді. Қыркүйекке дейін жалғасатын жарыста 18 команда бақ таластырмақ.

 

Риат Шони