МТРА жаңалықтары

Жеңіс саябағындағы балалар ойын сауық орны кеңейтілмек

Тұрғындар баққа анда-санда бой сергітіп, жаяу қыдыру үшін шығатын. Қазір бұл жер абаттандырылып, күн өткен сайын көркею үстінде. Бір бөлігінде спорттық алаңқай ашылып, жастар күн жылына доп қуып бос уақыттарын өткізуде.

– Ал саябақтың келесі бөлігінде балалар ойын-сауық орны бой көтеріп келе жатыр. Бұрын бұл жерде жеткіншектерге арналған тек 6 әткеншек болған еді. Жақын күндері олардың қатары отбасылық және жасөспірімдерге арналған тағы 11 карусельмен толықпақ.

Бұл маңдағы 1,4 гектар жерді “Мир аттракционов” серіктестігі биыл 49 жылға жалға алған екен. Енді тұрғындар игілігі үшін көркейту жұмыстарын жүргізбек. Гүлдер егіп, ағаштардың түр-түрі отырғылады. Кішігірім дәмхана мен субұрқақ салынады. Бұдан өзге де көптеген өзгерістер орын алмақ.

Владимир Козлов, “Мир аттракционов” ЖШС құрылтайшысы:

– Су тарту, 160 кв-тық жарық орнату сияқты мәселелер ендігі шешіліп қойды. Бірер күнде іске кіріскелі отырмыз. Мына маңды кішкентай балаларға, оқушыларға, жасөспімдерге және ересектерге қолайлы етіп төрт бөлікке бөлеміз. Сәйкесінше “Колесо обозрения”, “Американские горки” сынды алып аттракциондар да бар. Бұлардың барлығын біртіндеп іске қоса бастаймыз. Бір жылда барлығын жүзеге асыруға үлгермейтініміз анық.

Қазірдің өзінде баққа кішкентай келушілер жетерлік. Бұл жердегі бағалар орталық көшедегі мәдениет және демалыс саябағына қарағанда едәуір төмендетіліп қойылған. Кішкентай қызын ертіп келген Наталья Бывальцева бұл осы маңда тұратын ата-аналар үшін өте қолайлы дейді.

Наталья Бывальцева, қала тұрғыны:

– Біз осы маңда тұрамыз. Есіл өзені де алыс емес. Әдемі табиғат аясында үлкен балалар саябағы болады дегенге қуаныштымыз. Әйтпесе, бұрын күнделікті балалардың бойын сергітіп қайту үшін орталық көшелерге сабылуға тура келетін.

Саябақта жаз бойы 20 адам тер төгетін болады. Ал қойылатын әткеншектер саны шамамен 30-ға жуықтайды деп жоспарлануда.

Акбопе Танирберген