МТРА жаңалықтары

Заречный кентінде автомобильдерге арналған үш қозғалыс учаскесі жабылды

Өйткені, Есіл ернеуінен асып, бұл жерді шағын аралға айналдырған. Сол себепті, темір тұлпар иелері машиналарын көпір маңына тастап кетуге мәжбүр. Ал халықты баспанасына дейін жеткізу жұмысын ТЖД қызметкерлері өз мойындарына алған.

– Міне, мына үлкен Камазбен құтқарушылар Заречное кентінің тұрғындарын тасымалдайды. Бұл көлік күніне шамамен 10 рейс жасап, 200-ге тарта адамды керекті мекен жайға апарып салады.

Мәселен, бүгін түске дейін бұл машинаның көмегімен мөлтек ауданның кәсіпкерлері бірнеше рет ең қажетті азық-түліктерін тасымалдап үлгерген.

Жанна Киселева – жеке кәсіпкер:

 

– Біз үшін бұл – қалыпты жағдай. Мен күніне 3 рет тауар тасимын. Азық-түлікті дүкенге дейін жеткізуге ТЖД қызметкерлері көмектеседі. Оларға деген алғысым шексіз.

Су үстінде тұрған көпірмен оқушылар өтуге қорқады. Сол себепті, ағалы-қарындасты Аружан мен Еламан Камазбен үйлеріне дейін жетіп қалады екен.

–  Бізді әкеміз таңертең машинамен шығарып салады. Мектепке автобуспен жетеміз. Қайтар жолда мына көлікке отырамыз. Тез әрі қауіпсіз.

– Көпірден жалғыз жүруге қорқамыз. Сыныптастарымызбен бірге өтеміз.

Бүгінде бұл кентте 9 маман күні-түні қызмет етуде. Оның ішінде құтқарушылармен бірге тәртіп сақшылары да бар. Олар күн сайын таңертеңгі және кешкілік уақытта судың биіктігін өлшеп тұрады. Мәселен, бүгін 1 шақырымға созылған мына жерде ең жоғары нүкте 60 см-ді құрады.

Евгений Журавлев – СҚО ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бас маманы:

 

– Бұл жерге су платина мен көпір жақтан ағылып келеді. Күн сайын тәулік бойы бұл жерде біздің мамандар кезекшілік жасайды. Судың биіктігі де өлшеніп тұрады. Бүгінде су деңгейінің төмендеуі байқалды. Жақында бұл жердегі көлік қатынау қайтадан қалыпқа келтіріледі деген сенімдеміз.

Айту керек, мына жайылған су қаланың мөлтек ауданындағы саяжайларын басып, Заречныйға барар жолды шайып жатыр. Соның салдарынан бүгін кентке баратын барлық бағыттағы авторбустардың жүруі су кеткенше тоқтатылды.

Айгерим Ержанова