МТРА жаңалықтары

Судан зардап шеккендерге көмек

Бүгінде мұндағы судың беті қайтып, тұрғындар баспаналарын қалыпқа келтіруге кірісті.

Виктор Букреев – СҚО ІІД бастығының орынбасары:

– Су ауылдан кетіп жатыр. Дегенмен тасқын үлкен шығын келтірді. Су баспаналарға кіргендіктен, енді оларды қалыпқа келтіру қажет. Сондықтан бұл жұмысқа біз мүмкіндігімізше көмектесеміз. Үйлерді қысқа мерзімде дұрыстау үшін біз осы жолы негізінен құрылысқа қажетті заттарды әкелдік.

Көрші орналасқан Жамбыл ауданының ішкі істер бөлімінің қызметкерлері де тимирязевтықтарға құрылыс материалдары тиелген «Камаз» автокөлігін жіберіпті. Ал жуырда Петропавл қаласында құқық қорғау органдарының арасында ҚР ІІМ-нің кубігіне волейболдан жарыс өткізілген болатын. Сайыстың жеңімпаздары Қостанай мен Ақмола облысынан келген құрамалар да сыйлықтарын қызыл судан зардап шеккен тұрғындарға табыстауды жөн санаған. Ол ұялы телефон мен теледидарлар.

Сайран Байдалина – Тимирязев ауылдық округінің әкімі:

– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші зардап шеккен ауыл тұрғындарына бірлесіп қолдау көрсетіп жатқандарыңызға алғыс айтамын. Ішкі істер органдарының басшылығына ризамыз. Тәртіп сақшылар апат кезінде де өте көп көмектесті.

Оксана Рылова – Тимирязев ауданының тұрғыны:
– Ішкі істер органдарының қызметкерлеріне алғысым шексіз. Қолдан келген көмегін аямады.

Бұдан бөлек, Тимирязев аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері судан қатты зардап шеккен екі үйді жөндеуге көмектеспек.

Магжан Ахмадина