Білім

ПҚЭК ресурстық орталық пилоттық жобасы істеп тұр

Николай Ухов – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің директоры:

-Біз ресурстық орталықты ресми түрде өткен жылдың 9 желтоқсанында аштық. Республика бойынша осындай цехтары бар алғашқы колледж болдық. Бізге бұйымдарды әзірлеуге 33 әлеуметтік серіктестігіміз көмектеседі. Ресурстық орталықтың басты міндеті жұмысшы мамандығындағы студенттерді білікті әрі тәжірибелі қылып шығару. Қазір біз барлық бұйымдарды өзімізге, яғни колледждің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін әзірлеп жатырмыз. Ал алдағы уақытта істеген жұмыстарды сатып, студенттерге ақша төленетін болады.

Студенттердің білімін шыңдауда бұл ресурстық орталықтың маңызы орасан зор. Болашақ маман иегерлері түрлі цехтарда өндірістік-тәжірибеден өте алады. Олардың біліктілігін шеберлер тексереді. Осылайша студенттер оқуын тәмамдап алып кәсіпорындарға жұмыс істеуге барғанда еш қиналмайды екен.

Михаил Букин – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің өндірістік оқытудың шебері:

-Бұл тас цехы. Мұнда студенттер аптасына үш рет келеді. Дәл қазір олар мемлекеттік емтиханды тапсыру үстінде. Мұнда барлық жағдай жасалған. Жақында замануи қондырғы орнатылды. Оның көмегімен гранит, кірпіштерді кесе аламыз. Мына қабырғаға кірпіштерді дәл сол қондырғымен кестік.

Мынау дәнекерлеу цехы. Дәл қазір Вадим Адушев металлды бір-біріне қосу үстінде. Айтуынша, дәнкерлеуші мамандығында бастысы техникалық қауіпсіздікті сақтау. Өйтпеген жағдайда күйік алып қалуыңа болады дейді.

Вадим Адушев – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студент:

-Басында мен қандай мамандықты таңдаймын деп ойландым. Ешқайсысы ұнамады. Кейін дәнекерлеуші мамандығын таңдадым. Өте қызықты. Бірінші рет металлды дәнекерлегенде қолым дірілдеп, жұмысымды әзер дегенде аяқтадым. Ал қазір барлығын жылдам орындаймын.

Өткен жылдың желтоқсанында іске қосылған ресурстық орталыққа биыл жаңадан екі цех қосылыпты. Қазіргі таңда ПҚЭК колледжінде 20 бағыт бойынша 1146 студент білім алуда.

 

 

Риат Шони