МТРА жаңалықтары

Жер кодексіне енгізілген өзгерістер талқыланды

Зерттеу нәтижелері көп жағдайда ондай жерлердің дұрыс пайдаланылмайтынын көрсетті дейді мамандар.

Бауыржан Смағұлов – ҚР ҰЭМ Құрылыс, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары:

– 2012-2014 жылдары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлері түгенделді. Оның барысында 7,4 млн гектар пайдаланылмай жатқан жер учаскілері анықталды. Қазіргі кезде мемлекетке соның 3 млн гектары қайтарылса, 1,1 млн гектарын алу үлкен проблемаға айналып отыр. Олар ауыл шаруашылығы айналымынан шығып қалған. Жалпы жерді көп пайдаланбаудың нәтижесінде топырақтың құнарлылығы төмендейді. Есептеулер бойынша, егер мұндай үрдіс сақталса, онда 50-60 жылдан кейін егістік жерлер мүлдем жарамсыз күйге енеді.

Осы мәселені шешу жолы ретінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында мемлекет басшысы жерді аукцион арқылы сату жолымен жеке меншікке беру механизмін қолға алуды ұсынды. Оған сай жер кодексінде бірқатар өзгерістер орын алып, олар ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енеді.

Руслан Дауталинов- ҚР ҰЭМ Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті мемлекеттік жер кадастры басқармасының басшысы:


–  Енгізілген өзгерістерге сәйкес, аукциондық сату жүзеге асырылады. Бастапқы баға өзгеріп отырады. Өз меншігі болғандықтан, жер пайдаланушылар оған басқаша көзқараспен қарайтын болады.

Жиынға қатысқан өңір аграрийлері де бұл заң жобасын қолдап отыр. Еркебұлан Мәмбетов жетекшілік ететін «Мамбетов и К» КС-тың қарамағында 30 мың га жуық жер бар. Агроқұрылым оны 49 жылға жалға алыпты.

Еркебұлан Мәмбетов – «Мамбетов и К» КС бас директоры, Мамлют ауданы:

 


– 40 жылдай қалды. Осы уақытта енді заңның арқасында оны өз меншігімізге алуды көздеп отырмыз. 10 жылдың ішінде жартылай ақысын төлеп алуға болады. Өзіміздікі ол – өзіміздікі. Қаржы құйсақ та, банкке кепілдікке қойсақ та өзгеше көзқарас болады. Пайдалы болады деп ойлаймын.

Жалпы өткен жылы өңірде мақсатты пайдаланылмай келген 235 мың га жер учаскісі мемлекетке қайтарылған. Соның 142 мың гектары – егістік алқаптар. Алайда, бүгіндері облыста не өзі, не өзгеге дұрыс жұмыс істеуге мүмкіндік бермей келе жатқан жер пайдаланушылар да бар. Ол – «Богви» және «Трансавто» компаниялары. Аталған кәсіпорындарға қатысты іс – 2 жылдан бері соттың қарауында. Қазір екеуінен не 147 мың гектардан астам жер қайтарылып алынған. Бұл жұмыстар әлі қарай да жалғасын таппақ.

Магжан Ахмадина