МТРА жаңалықтары

СҚО-да шекарашылардың оқу-жаттығу шарасы өтті

Оқу-жаттығу шарасы 12 сағатқа жалғаспақ. Шапшаң шекарашылар 5 минутта командалық пунктін құрды. Оның ішінде әскери қызметкерлер мемлекет шекарасын заңсыз кесіп өтпекші болғандар жүрген аймақты карта арқылы анықтайды. Одан бөлек, далалық жағдайда қызметтік құжаттардың дұрыстығын тексереді. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Компьютер, телефон, рация – бәрі қосулы. 
Ендігі арнайы бақылау пунктінен қоңырау келіп түсті. Белгісіз адамдардың шекара бойына жеткенін хабарлаған бұл ақпараттан кейін подполковник Марат Дүйсенбаев дереу іздеу тобын шақырып, бұйрық берді. 

–  Дәл қазір шекара бойында белгісіз екі азамат жүр. Дереу ұстауға бұйырамын.

Әрқашан бүркіттей қырағы, сауысқандай сақ отыратын шекарашылар бірден заң бұзбақ болғандардың жолын кесуге бет алуда. Айту, керек бүгінгі оқу-жаттығу шарасына 8 бірдей техника жұмылдырылған. Асығыс көлікке отырған қызметкерлер бірден белгіленген жерге жетті. 

Бұл – шеарашылардың заң бұзушының ізіне түстік, іске кірістік деген белгісі. Көзді ашып жұмғанша іздеу тобы мемелкеттік шекараны бұзбақ болған құжатсыз қос азаматты құрықтады. Сәтті өткен операцияға қатысқан майор Айдар Оралханов 10 жылдан бері ел шекарасын кірпік қақпай күзетіп жүр. Шекарашы болу үшін адамның бойында – қайтпас қайсарлық пен үлкен жауапкершілік болуы керек дейді ол.

Айдар Оралханов, ҚР ҰҚК шекара қызметі 2032 әскери бөлімінің аға офицері:

– Шекарашылар қызметіне адал, отансүйгіш азаматтар болу қажет. Кез келген уақытта елін қорғай білуі керек. Ал мұндай оқу-жаттығулар бізге өз формамызды сақтап, сергек жүруге көмектеседі.

Шекарашылардың оқу-жаттығу шарасы тоқсанына бір рет өткізіледі. Осындай жиілікте мемлекеттік шекараны күзету әдістері мен жауынгерлік дайындық пысықталады. 

Нұртай Танқаев, ҚР ҰҚК шекара қызметінің 2032 әскери бөлімінің штаб бастығы:

– Өзіміздің жеке құрамымыздағы қызметкерлердің дайындығын тексереміз. Сондай-ақ, жаңа әдіс-тәсілдер ойластырып, соларды барлығымыз бірге пысықтаймыз.

Жалпы Теріскейдегі 2032 әскери бөліміне 1200 шақырымнан астам аумақты бақылау сеніп тапсырылған. Әскери бөлім шекаралас орналасқан Ресейдің Омбы, Түмен және Қорған облыстарымен шектесетін аймақтың тыныштығын берік қорғап келеді.

Акбопе Танирберген