Ауыл шаруашылығы

“Егіс-2016”

19 мың гектардан астам егістік алқабы бар серіктестік биыл соның 17 мыңына дәнді-дақылдар ексе, қалған 2 мың гектарына майлы тұқымдарды сіңіруді жоспарлап қойған. Тұқым себу науқанын уақытында бастап, кешіктірмей аяқтауға шаруашылық 9 – “К-700”, 1 “Класс”, 2 заманауи себу кешені, 35-МТЗ-80 және 36 тіркемелі себу агрегаттарын жұмылдырмақ.

Дәл қазір агроқұрылым шеберханасында көктемгі дала жұмыстарына қызу әзірлік жүруде. Василий Недашковкийдің серіктестікте еңбектеніп жүргеніне 3 жылдай болған. Жасы 25-тегі механизатор қысы-жазы МТЗ-82 тракторын тізгіндеп, отбасын асырап отыр.

Василий Недашковский – “Мамбетов и К” КС механизаторы, Мамлют ауданы:

– Мен өзім мінетін тракторды жөндеуді аяқтап қалдым. Енді қозғалтқыштың босап қалған сымдарын қайта жалғап жатырмын. Айлық жалақыларымызды уақытында алып тұрамыз. Жұмыс жағдайы көңілден шығады.

Қауырт науқанда қолда бар техниканың үнемі сайлаулы тұрғаны абзал, – дейді тәжірибелі механизатор Михаил Маликовский. Алып “Джон Дирр” себу кешенін басқаратын жерлесіміздің ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өтілі 40 жылдан асады. Зейнет жасына таяп қалған білікті маман бойда күш-қуат барда білгенімді жастарға үйретуден жалықпайтындығын айтады. Қазыбай Шамғанов та ерте кезінен трактордың сан түрін тізгіндеп, еркін меңгеріп алыпты. Қазір механизатор “К-700” тракторы қозғалтқышының жұмыс істеуін тексеруде.

Қозыбай Шамғанов – “Мамбетов и К” КС механизаторы, Мамлют ауданы:

– Мына “К-700” егістікке дайындап жатырмын. Жай барлығы дайын, істен шыққан жоқ. 20 жылдан бері осында істеп жүрмін. Бәрі көңілімнен шығады.

Серіктестік сәуірдің 1-нен астық сақтау қоймасында сақтаулы ырыс дәнін кептіріп-дәрілеуге білек сыбана кірісіп кеткен. Өткен жылы 3300 тонна дәнді-дақылды әзірлеп қойған мұндағылар, биыл қосымша Ресей мен жергілікті жерден 102 тонна элиталы тұқым алыпты.

Батыржан Сауытбаев – “Мамбетов и К” КС бас агрономы, Мамлют ауданы:

– “Омбылық 35” – 1500 тонна, “Омбылық 36” – 800 тонна, “Астана” бар 636 тоннадай. Жаңадан сатып алған “Боярченкомыз” бар. 15 тонна арпаның жаңа сортын сатып алдық. Тағы қатты бидайдан 72 тоннасын сатып алдық.

Диқандар егін себуге қажетті жанар-жағармай қорымен де толық қамтылыпты. Серіктестіктің бас агрономы Батыржан Сауытбаев жер кеуіп, ауа-райы оң қабақ танытса науқанға мамырдың 5-і кездерінде кірісіп кетуге дайынбыз дейді.

Батыржан Сауытбаев – “Мамбетов и К” КС бас агрономы, Мамлют ауданы:

– Науқанға наурыз айынан бастап кіріскенбіз. Осы 5-6 күннің ішінде аяқтауымыз тиіс. Егіске дайынбыз. Ылғал жабатын және себетін техникаларымыз бар, дайын тұр. Жалпы осы уақытта серіктестікте 180 адамдай жұмыс атқаратын болады.

Агроқұрылым егін егумен бірге мал шаруашылығын да қатар алып келеді. 2012-ші жылы Солтүстік Америкадан жеткізілген етті бағыттағы 300 бас ангус сиырлары жыл сайын төлдерін беріп келеді. Мәселен, биыл 225 бұзау туылған.

Арман Дәулетов – “Мамбетов и К” КС мал кешенінің бас технологы, Мамлют ауданы:

– Фермадағы мына 13-14 айлық 91 бас ангус бұқаларды сатылымға қойдық. Соңғы жылдары біздің серіктестік қолдан ұрықтандыруға біртіндеп көшіп жатыр. Бастысы, малдарға дәрумендерге толы жем-азықты беріп тұрса бұқалар тез салмақ жинайды.

Үстіміздегі жылы мамлюттік жер емген шаруалар жалпы 177 мың гектарға ырыс дәнін сіңірмекші. Оның 137 мыңына дәнді дақылдар себілсе, қалған 29 мыңы майлы тұқымдастарға арналмақ.

Василий Лисичкин – Мамлют аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

– Егістікке ауданда 900 бірлік трактор, 776 себу агрегаттары мен шетелдік жоғарыөнімді 24 заманауи себу кешені жұмылдырылады. Жалпы айтқанда техникалар маусымға 99 пайыз әзір деуге болады. Сонымен бірге, аудан шаруалары дизельдік отынды жеткізуші 3 оператормен келісімшартқа отыруда. Осы күні 2100 тонна жанармай жеткізілді.

Бүгінде Мамлют ауданында 54 серіктестік пен 183 шаруа қожалығы жұмыс істеп тұр.

 

Бакыт Садуакасов