МТРА жаңалықтары

Облыстың табиғат прокурорлары заңсыз балық аулаған 73 тұрғынды қолға түсірді

Аталған фактіні облыстың табиғат қорғау прокурорлары кезекті рейд кезінде анықтапты. Заңға қайшы әрекет жасаған 7 тұлғаның дер кезінде жолын кескен қадағалаушы органы, ұсталғандарды әкімшілік айыппұл төлеуге міндеттеді.

Асқар Жүнісов – СҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының аға прокуроры:

– Алғашқысы Шал ақын ауданына қарасты Сергеев су қоймасында тіркелді. Екі ауыл тұрғыны шектеулерді білмегендіктің салдарынан заңбұзушылыққа бой алдырған. Екінші жағдай облыс орталығында орын алып отыр. Бұл фактіде 3 адам күдікті деп танылып, әкімшілік айыппұл салынды. Соңғысы тағы Сергеев су торабының маңында тіркелген. Қазір ұсталған азаматтар 10 АЕК мөлшерінде айыппұл өтейтін болды. Рейд барысында біз 120 келі балықты қайта суға жібердік.

Негізі мұндай шектеулер суда тіршілік жасайтын жан-жануарлар дүниесін сақтап қалып, олардың өсіп-өнулері үшін қолға алынған шаралардың бірі. Айталық, облыс аумағындағы су көздерінде шортан, аққайран мен көксеркені 15-ші сәуір мен 15-ші мамыр аралығында аулауға тыйым салынған. Ал сазан мен тұқыны 20 мамыр мен 20 маусым аралығында ұстауға болмайды.

Асқар Жүнісов – СҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының аға прокуроры:

– Сонымен бірге артемия цистаны жинауға 15 маусымға дейін тыйым жасалды. Оған қоса маусымның 1-нен 15 шілдеге дейін өзен шаяндарын да аулауға рұқсат жоқ. Тағы бір ескеретін жәйт, теріскейдегі Сілеті мен Есіл өзендерінде 20 сәуір мен 20 мамыр аралығында әуесқой балық аулаушыларға да шектеу қойылған.

Жыл басынан бері өлкемізде заңсыз балық аулаған 73 солтүстікқазақстандық қолға түскен. Енді ережені елемегендер заң аясында жауапқа тартылмақ. Жалпы маусымдық шектеу кезінде балық аулаған жеке тұлғалар 10-нан 40 АЕК дейін, ал заңды тұлғалар 300 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл өтеуге жауапты.

 

Бакыт Садуакасов