МТРА жаңалықтары

Биыл Петропавлда 1000 қартайған ағаштарды кесу жоспарланған

Лариса Данильченко – қала тұрғыны:

-Біздің аулада терек көп. Бұл ағашқа кейбіреуінің аллергиясы ұстайды. Әрі одан түсетін қоқысы да бар. Ауланы ластайды. Бастысы осы маңдағы адамдардың өміріне қауіп төндіреді. Әсіресе, кішкентай балаларға. Кешкілік уақытта олардың барлығы ойнауға шығады. Енді міне, апаттық ағаштар кесіліп жатыр. Қуаныштымыз, әрине.

Таңғы 9-дан жұмысқа кіріскен бұл жігіттер жергілікті «Бондаренко» жеке кәсіпкерлігінің қызметкерлері. Бригадада – 7 адам. Оның екеуі – аралаушы. Бір күнде олар шамамен 5 түрлі мекен-жайға шығады. Мамандардың айтуынша, сымға жақын орналасқан биік теректерді кесу қиынға соғады. Сәйкесінше,бұл жұмыс көп уақыт та талап етеді екен. Мәселен, мына аулада бүгін олар 4 ағашты кескен.

Ержан Көшербаев – «Бондаренко» ЖК аралаушысы:

-Қиындық тудыратын ағаштар бар, әрине. Кейбіреуі дәл балконның қасында өсіп тұр. Сол себепті, абайлап жұмыс істеуге тырысып жатырмыз. “Қарасай” стадионы маңында 2 күни жұмыс істедік. 40 ағаш кестік. Бір аптаның ішінде 100-ге жуық ағаш кесіп тастадық.

Айта кеткен жөн, бұл үйдің тұрғындары апаттық жағдайда деп саналатын ағаштарды кесуге өтінішті осыдан 3 жыл бұрын білдірген. Бірақ, қаржының жоқтығынан ақша бөлінбепті. Сол себепті, аталған іс уақытша тоқтатылған болатын. Ал биыл бұл мақсатқа бюджеттен 6 млн теңге қарастырылып отыр.

Ольга Тажетдинова – Петропавл қаласы тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы секторы меңгерушісі:

-Ағымдағы жылы ағаш кесуге бюджеттен 3 млн теңге бөлінді. Жақында тағы 3 млн теңге бөлінеді. Жұмысқа сәуірдің 15-і күні кірістік. Содан бері 400-ден астам өтінім келіп түсті. Мамандар барлығына кезекпен барады. Бірақ, ең бірінші аса қауіп тудырып тұрған ағаштар кесіледі.

Бұл мекен жайдағы жұмыстар аяқталған соң мамандар Абай көшесіне ауысады. Ондае апаттық жағдайдағы 20 ағаш бар екен. Жалпы жыл соңына дейін ескі теректердің 1000 түбін кесу көзделіп отыр.

 

 

Айгерим Ержанова