МТРА жаңалықтары

Петропавлда Encounter ойыны өтті

Ксения Рыхленко- «Drive» командасының ойыншысы:

-Ойнап жүргенімізге көп болған жоқ. Өте қызықты. Командамыздағы адамдар өте кеңпейіл. Әрқашан бір бірімізге көмектесіп жүреміз.

Біздің түсіру тобымыз «Ну, погоди» командасының құрамында болды. Сағат тілі кешкі 10-ды көрсетті. Ендеше ойын басталды деген сөз. Қолдағы смартфонға алғашқы тапсырма да келді.

Роберт Подласов- «Ну, погоди» командасының капитаны:

-Кинодағы сияқты, команда мүшелері аюмен суретке түсуі керек. Міндетті түрде мылтықпен орындықта отыру қажет.

Берілген тапсырманы орындау үшін лайықты жер табу керек. Біз қалалық мәдениет және демалыс саябағына жол тарттық. Нақ сонда аюдың архитектуралық мүсіні бар. Тек орындық жоқ. Оны құрама мүшелері жақын маңдағы дәмханадан сұрап алды. Қолда мылтық та болмады. Десе де командадағылар суретке түсіп, оны ұйымдастырушыларға жіберді. Келесі тапсырмалар бұдан да қызықты, әрі қиын болды.

Бұл турды өту үшін командалар түрлі айлаларды қолданып бақты. Жалпы 10 тапсырма берілді. Оларды әр құрама түрлі уақытта шешкендіктен, қарсыластармен кездесуге мүмкіндік те болған жоқ. Бұл ойынды петропавлдықтар 2004 жылдан бастап ойнап келеді.

Андрей Порохнин -«Encounter» қалалық ойынының қатысушысы және авторы:

-Ойынды түрлі деңгейде өткізуге болады. Сұрақтарды да ой-қиялға қатысты түрліше құрастыру қажет. Қызық ты тапсырмалар болса, құрамаларда жақсы ойын өрнегін көрсетеді.

Сағат түнгі 3 болды. Құрамалар соңғы тапсырманы орындауға кірісті. Осы уақыт аралғында Ойқала, Жұмысшы кенті және өзге де аудандарда болып, бірнеше шақырым қашықтықты бағындырдық. Айта кету керек, ойында жақсы жүргізушінің да болуы маңызды. Өйткені мұнда бастысы жылдамдық. Тапсырманы орындау үшін діттеген жерге тезірек, әрі жол ережесін бұзбай жету керек. Міне, су тартқыш мұнара. Мұнда бірінші болып келіппіз. Ендеше біз құрамына енген «Ну, погоди» құрамасы жеңіске жетті.

Роберт Подласов- «Ну, погоди» командасының капитаны:

-Үш жылдан бері ойнап келеміз. Бұл біздің 2-ші жеңісіміз. Бүгінгі ойында ең қиыны құпия кодтармен болған тапсырма. Көп уақыт жоғалттық.

Айта кетейік, келесі Encounter ойыны 30 сәуір күні өтеді. Оған кез келген адам қатыса алады.

 

 

Магжан Ахмадина