МТРА жаңалықтары

«Еске алу вахтасына» СҚО-нан 10 адам қатысады

Отрядтағы іздестірушілер табысты еңбекке дайын. Тіпті, алдын ала мына тұрған үлкен сөмкелерге ең қажетті заттарын буып түйіп қойыпты.

Владимир Пекарский – “Саланг” әскери-патриоттық клубының мүшесі:

-Өз басым «Еске алу вахтасына» барғанды ұнатамын. Енді міне, санаулы ғана күндер қалды. Жолға шығуға асығып жүрмін. Өйткені, бұл сапар үнемі қызықты әрі пайдалы өтеді. Мәселен, алдыңғы іздестіру шараларында біздің топ құлаған самолетты тауып, жер астынан шығарды. Сонымен қатар, мен пулеметке тап болдым. Жап-жаңа, тек тазартып алсаң болғаны. Сәйкесінше, іздестірушілер бұл заттардың кімге тиесілі болғанын, қай елде шыққанын анықтауға тырысады.

Екі аптаға созылатын сапарға 17 жасар Яна Дробышева алғаш рет шыққалы отыр. Ата-анасынан жырақта, бөтен аймақта жұмыс істеуге қорықпайды ол. Себебі, біздің атқарар ісіміз майдангер бабалардың рухына құрмет деп білемін дейді бойжеткен.

Яна Дробышева – №7 орта мектебінің оқушысы, “Саланг” әскери-патриоттық клубының мүшесі:

-“Саланг” әскери-патриоттық клубында мен екі жыл мүшелік етемін. Сол уақыт аралығында мен осы сапарға дайындалдым. Енді,міне жол жүргелі жатырмын. Психологиялық және физикалық тұрғыда дайынмын. Тек бейтаныс жерде жаңа режимге үйрену қиын болатын шығар.

Қазақстаннан бөлек, «Еске алу вахтасына» Беларусия мен Украина азаматтары да атсалысады. Биылғы жылы біздің өңірден 10 адам қатысады. Оның үшеуі қыздар. Маңызды сапарға олар сәуірдің 19-ы күні Мәскеу-Петропавл бағытында жүретін пойызбен аттанбақ.

Александр Азегов – “Саланг” әскери-патриоттық клубының жетекшісі:

 

-Жеңістің 70 жылдығына арналған вахтаға Қазақстаннан тек біздер ғана қатыстық. Ресейліктер бізге көмектесті. Былтырғы жылы біздің топ 6 майдангердің мүрдесін тапты. Негізінде 2015 жылы бұл шараға 27 жасақ қатысып, 520-ға жуық солдаттың сүйегін жер астынган шығарып, аты-жөндерін анықтауға тырысты. Биылғы сапарымыздан да үлкен жетістікпен келеміз деген ойдамын.

Бұл сапар мамырдың 8-не дейін жалғасады. Соңғы күні, экспедиция мүшелері қалыптасқан салт бойынша табылған сарбаздарды жер қойнауына тапсырып, Мәскеу қаласында 71-ші Жеңіс күнін қарсы алады. Ал елге мамырдың 11-і күні оралуды жоспарлап отыр.

Айгерим Ержанова