Денсаулық сақтау

Жекеменшік медицинаны дамытуда СҚО-ның тәжірибесі бар

Дегенмен мұнда да азаматтарға мемлекеттік мекемелердегі сияқты кепілді көлемдегі тегін медициналық көмек көрсетіледі. Мекеме құрылтайшысы Қадырбек Болатбаев елімізде жекеменшік медицинаның дамуын құптайды. Айтуынша, осы бағыт дамыса бюджет жүктемесі азайып, емханалардың қызмет көрсету сапасы жақсарып, бәсекелестік артады.

Қадырбек Болатбаев – “Денсаулық” жеке коммерциялық емес мекеменің құрылтайшысы:

-Өңіріміздің денсаулық сақтау саласында жекеменшік мекемеміздің беделі бар. Тұрғындардың да бізге сенімі артқан. Мекеменің іші-сыртын өз күшімізбен жөндейміз. Жиһаздар мен қажетті қондырғыларды жеке қаражатымызға сатып аламыз. Осылайша, біз мемлекетке бюджет жүктемесін жеңілдетуге үлес қосудамыз. Негізі, елбасының саясатын қолдаймын. Осы күні медициналық мекемелер ғана емес балабақша, мектеп сынды біраз әлеуметтік нысандар жекешелендірілгені дұрыс.

“Денсаулық” ЖКЕМ-нің мемлекеттік мекемелерден қалысқысы жоқ. Қазіргі таңда кадрлық әлеуетті тиімді пайдалануды арттырып, материалдық-техникалық базаны нығайтуға аса мән береді.

Айнагүл Қарабаева – “Денсаулық” жеке коммерциялық емес мекеменің директоры:

 

-Ескі қондырғылар мен жабдықтарды жаңасына алмастырып жатырмыз. Жаңа УЗИ, ЭКГаппараттарымыз бар. Фиброскоп, биохимиялық анализаторлардың түр-түрін сатып алдық. Биыл су жаңа рентген аппаратын сатып аламыз. Мұндағы дәрігерлер аурудың асқынған түрлерімен күресуге емес, пациенттердің ауруын ерте сатысында анықтауға басымдық беруде.

Мекемеде кардиолог, профпатолог, рентгенолог, невропотолог сынды тар көлемдегі 20 дәрігер және 100-ден астам кіші және орта медициналық персонал қызмет етеді. Балалар мен ересектердің денсаулығына тең қарайтын жалпы практикадағы 2 маман тағы бар. Еске салайық, отбасылық дәрігерлердің санын арттыру тапсырмасы “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында көрініс тапқан.
Бүгінде жекеменшік коммерциялық емес мекемеге 25 200 адам қаралады. Олар – 19-шы және 20-шы шағын аудандардың тұрғындары.

-Мұнда қаралып жүргеніме 5 жылдың жүзі болды. Артериялық гипертензия, қан диабетімен ауырамын. Ай сайын дәрігерлерге келіп қаралып тұрамын. Қажетті ем-домын жасап, дәрілер жазып береді. Ақ халаттылардың жұмысына көңілім толады.

-Мамандардың біліктілігі жоғары. Оны диагноз қойып, пациенттерге ем көрсеткенде аңғарамын. Мұнда жұмыс жүйеленген, барлығы өз міндетін тыңғылықты атқарады.

Жекеменшік мекемеде 20 орынға шақталған күндізгі стационар мен қарамағында 10 терапевтік, 3 гинекологиялық учаске бар.

Берік Қасен