МТРА жаңалықтары

Өңірде іскер азаматшалардың саны жыл артқан сайын көбеюде

Әсемгүл Ахметова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының бизнесті қолдау бағдарламалары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

-Былтыр ауылдардағы кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекеттен 451 млн теңгеден аса қаражат берілді. Бұл сомманың 32 пайызын әйелдер иеленіп өз істерін ашты. Іскер азаматшалардың арқасында өңірде 77 жаңа жұмыс орны пайда болды.

Өткен жылы, “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы арқылы несие рәсімдегендердің бірі – Антонина Севастьянова. Нәзік жанды мемлекеттен алған 4 млн теңге қаражатқа жеке дүкенін ашыпты.

Антонина Севастьянова – жеке кәсіпкер, Мамлют ауданы:

-Мен 20-ма жылға жуық кәсіпкерлікпен айналысамын. Өзімде бұрынан құрылыс дүкені болған. Былтыр азық-түлік дүкенін аштым. Ісім жыл артқан сайын дамып келеді. Мемлекеттің қолдауына алғысым шексіз.

Теріскейде қазіргі күні 8 мыңнан аса жұмыссыз әйел бар. Бұл мақсатта өңір басшысының орынбасары Анархан Дүйсенова нәзік жандыларды мемлекеттік бағдарламалармен таныстыруды ұсынды.

Анархан Дүйсенова – СҚО әкімінің орынбасары:

-Өңірде кәсіпкер-әйелдердің санын арттыру міндеті тұр. Оған ат салысуымыз керек. Тағы да айтарым, несие алған тұрғындардан қарызды уақытылы қайтарып алуды қадағалаңыздар. Және іскер азаматшалар бастаған жұмысының дамуын бақылау қажет.

Бұдан соң жиынға қатысушылар отбасындағы тәрбие рөлін арттыру атты екінші мәселені талқылады. Мұнда Мамлют, Жамбыл, Тайынша ауданы әкімдерінің орынбасарлары өздерінде осы бағытта атқарылған жұмыстарды баяндады. Үш аудандада тұрмыс деңгейі төмен отбасыларға көмек көрсету мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылыпты.

Жанар Алданазарова – Тайынша ауданы әкімінің орынбасары:

-Біздің ауданда республикалық “Забота” акциясы өтті. Шараның басты мақсаты – ата-ана қарауынсыз қалған балалар мен тұрмысы нашар отбасы мүшелеріне әлеуметтік қолдау көрсету. Бұл қайырымдылық шарадан ауданның жаны жайсаң тұрғындары қалыс қалған жоқ.

Кейін 2015 жылы теріскейдегі демографиялық ахуал сөз болды. Облыста өлім көрсеткіші өте жоғары. 2015 жылдың өзінде 47 мыңға жуық адам қайтыс болған. Бала туу деңгейі де мақтанарлық емес. Былтыр өңірде 8203 сәби дүниеге есігін ашыпты. Өткен жылы өңірдің 105 акушер гинеколог қайта даярлау курстарынан өтіпті. Сондай-ақ, облыста соңғы екі жыл ішінде ана өлімі тіркелмеген.

 

 

Култанов Байболат