Білім

Петропавлда 5-7 сынып оқушылары арасында тұңғыш рет пәндік олимпиада ұйымдастырылды

Гауһар Темірбаева – Петропавл қаласы білім бөлімінің әдіскері:

-Олимпиада екі кезеңнен тұрады. Бірінші турда тыңдалым бойынша оқушыларды бес балдық жүйемен бағалаймыз. Екінші кезеңде оқу бағдарламасы бойынша балалардың білім деңгей тексеріледі. Орыс мектептерінің оқушылары қазақ сөздерінен сөйлемдер құрастырады. Аударма жұмысын жасап, сонымен бірге грамматикалық тапсырмаларды орындайды. Ал қазақ мектептерінің оқушылары мұнда теориялық білімдерін көрсетеді.

Бұл сайыста оқушылар қазақ тілінің ережелерін жақсы білетіндігін көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар ақын-жазушылардың шығармаларынан үзінді келтіріп немесе туындының авторын табуы керек болды. Пәндік олимпиадада бағын сынаған Айдана мен Рахат дайындығымыз нашар емес дейді.

Айдана Нұрмұқанова -С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның 6-сынып оқушысы:

-Аздап қобалжу бар. Мен 5-ші, 6-сыныптың оқу бағдарламасындағы тақырыптарды қайталап, жақсы дайындалдым. Қазақ тілінен ережелерді еске түсіріп, қазақ-ақын жазушыларының шығармаларын оқыдым.

Осы сында орыс мектептерінен келген оқушылар аудионұсқадағы сөйлемдерді қазақшаға аудару кезінде көп қиналды.

№17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы Дарья Коппельдің қазақшасы жазғы лагерьде болғанда жақсара түскен екен.

Дарья Коппель -№17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің 7-сынып оқушысы:

 

-Мен аудионұсқадағы диалогтарды онша түсінбеймін. Ал грамматикалық тапсырмалар маған онша қиын емес.

Осы күні қаланың басқа да мектептерінде ағылшын тілі, математика, биология сынды 10 шақты пәннен оқушылар дәл осыған ұқсас тапсырмаларды орындады. Сайыс қорытындысы бойынша сынан сүрінбей өткендер олимпиадалық резевке алынады.

Берік Қасен