МТРА жаңалықтары

Өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов “Қызылжар СҚ” ФК ойыншыларымен кездесті

Аяқ доп шеберлері биыл да алған бетінен танбай, жанкүйерлерінің сенімін ақтауға тиісті. Және бірінші лигада үздік атанып, Қазақстан Премьер Лигасына өтуі керек. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов футбол клубының мүшелеріне осындай міндет жүктеп отыр.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Қазақстан Премьер Лигасына өту үшін сіздерде барлық жағдай бар.
Биыл команда құрамы 73 пайызға жаңартылып, командаға жақсы ойыншылар алынды. Осы спорт түріне қомақты қаражат қарастырылған. Биыл материалдық-техникалық база әлі де болса нығайтылады. Қарасайдағы футбол алаңын күрделі жөндеуден өткізбекшіміз. Трибуналарды да қалыпқа келтіреміз.

Команда құрамында біраз өзгерістер бар. Өткен маусымнан 6 ойыншы орнында қалыпты. Қалған 17-сі – жаңа ойыншылар. Басым көпшілігі қазақстандық болса, қалған үш легионер – Босния және Герцеговина, Тунис, Ресей елдерінің тумасы. Олар – әйгілі шабуылшы Бошко Ступич, қорғаушы Сергей Струков және қорғаушы Уалид Хищри.

Уалид Хищри – “Қызылжар СҚ” ФК қорғаушысы:

 

-Футболмен кәсіби түрде 12 жыл айналысамын. Бірнеше жыл өз елім Тунисте ойнадым, одан кейін Ресейдің “Сатурн” құрамасының сапында 1,5 жыл болдым. Қазақстанға келгеніме қуаныштымын. Мен жергілікті команданың премьер лигага өтуі үшін өз үлесімді қосамын.

Айта кету қажет, “Қызылжар СҚ” ФК әкімшілігі мен бапкерлері ауысқан жоқ. Григорий Лория – клубтың президенті, Владимир Фомичев команданың – бас бапкері және Роман Нестеренко құраманың капитаны лауазымын сақтап қалды.
Жиын соңында кәсіпқой футболшылар аймақ басшысына команданың таңбасы бар мойын орағыш, 7-ші нөмірлі жейде мен допты сыйға тартты. Жанкүйерлерге құлаққағыс, сәуірдің 16-сы “Қызылжар СҚ” командасы өз алаңында
ақтаулық “Каспийді” қабылдайды.

 

Берік Қасен