Аптадағы маңызды жаңалықтар

Су басу қауіпі сейілмей тұр

Мамандар 2-3 күннен соң өзен суы бұдан да жоғары деңгейге жетеді деп отыр. Сонда шаһарымыздың бірқатар аудандары, айталық, Былғары зауыты мен Заречный кенттерінде 40-қа жуық үйді су басуы мүмкін. Қала әкімі Марат Тасмағанбетовтың айтуынша, бүгіндері онда кезекшілік бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

-Заречныйда – 10, тағы Былғары зауыты ауданында 28 үйді су басу қаупі бар. Қазір оларда тәулік бойы кезекшілік жасалған. Апаттық-құтқару бригадасы жұмыс істеп, тұрғындарға ескерту қағаздарын таратты. Оқыс жағдай бола қалса, адамдарды көшіретін 2 мектеп дайын. 10 күнге жетерлік азық-түлік қоры мен дәрі-дәрмектер әзірленді.

Бүгіндері Сергеев су қоймасындағы тіршілік көзінің деңгейі төмендеген. Мамандар Есіл өзені теріскейліктерге үлкен қауіп төндірмейді деп отыр. Бірақ, көп жылдардан бері сыр бермеген Үлкен Тораңғұл көлі биыл мазаны алуда.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

-Үлкен Тораңғұл қауіп төндіруде. Қазір ондағы су деңгейі 1,20-ға жеткен. Жолдарды су басты. Қазір ол темір жолға да қауіп төндіруде. Соған қатысты шара қолданамыз.

Жалпы көктем келіп, қар көбесі сөгілгелі тасқын 30 елді мекенге зардабын тигізді. 400-ден астам үйді су басып, мал қырылды. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Өңірге келген Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин үлкен судың қаупі сейілді деп отыр.

Юрий Ильин – ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

-Бүгін су басу қаупі бар деген бірнеше учаскелерде болдық. Сергеев су қоймасынан су уақытылы жіберіліп отырған. Сондықтан, енді Есіл өзені солтүстікқазақстандықтарды мазаламайды. Десе де апат айтып келмейді. Қазір республика бойынша Ақтөбе, Қостанай және Шығыс Қазақстан өңірлеріне қауіп төніп тұр. Сондықтан, осындай сапарлар қорытындысы бойынша біз қажет аймақтарға қосымша қаржы бөлу жағын қарастыратын боламыз.

Бұған дейін су тасқынынан зардап шеккен солтүстікқазақстандықтарға материалдық көмек уақытылы көрсетілді. Қауырт маусым кезінде өңірде 1500-ға жуық құтқарушы жұмыс жасап, 500-ге тарта техника жұмылдырылған.

 

 

Магжан Ахмадина