МТРА жаңалықтары

СҚО-да “100 нақты қадам” ұлт жоспары біртіндеп жүзеге асырыла бастады

Наиль Салимов – облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:

-Біз қоғамның әлжуаз тобына да ерекше көңіл бөлеміз. Жанұя құндылықтарын сақтау үшін Ассамблеяның мұрындық болуымен өткен жылы 16 бірдей аналар кеңесі құрылды. Былтыр олар тәрбиелік маңызы бар 80 шара өткізді. Қазіргі таңда аналар кеңесінің филиалы Қызылжар, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов аудандарында жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта аналар кеңесі барлық аудандарда құрылады.

Жастар тәрбиесінен бөлек осы күні елімізде жас буынның сауаттылығына үлкен көңіл бөлінуде. Стратегиялық құжаттағы біраз қадамдар білім саласын дамытуға арналған. Осылайша, ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап 1-сынып оқушылар жаңа бағдарлама бойынша оқытыла бастайды. Сәйкесінше, балаларға жаңа оқулықтар тартылады. Бұл мақсатқа облыс қазынасынан 100 млн. теңге қарастырылған екен.

Шолпан Каринова – СҚО білім басқармасының басшысы:

-Мұғалімдерді дайындау курсы жазда басталады. Бірінші сынып оқушыларына сабақ беретін 2046 мұғалім қыркүйек айына дейін даярлықтан өтеді.

Оған қоса мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайтылады. Өңірдегі білім ошақтарына 800-ден астам компьютер алу үшін жергілікті қазынадан 100 млн теңге бөлінді. “100 нақты қадам” жоспарында көрсетілген кейбір тапсырмалар қазірден жүзеге асырылуда. Мысалы, біраз мектептер мен колледждерде бірқатар сабақтар шет тіліде оқытылып жатыр. Осы күні облысымыз 88-қадамда көрсетілген, жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ілгерілетуге атсалысып жатыр. Былтыр Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі 3 жылға шақталған
инновациялық жобаны қолға алды. Оны жүзеге асыру үшін колледжге Халықаралық қайта құру және даму банкінен 100 млн теңге қайтарымсыз несие берілді. Тағы 20 млн теңге облыстық әкімдік бөлген.

Николай Ухов – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің директоры:

 

-Жоба аясында бөлінген 120 млн теңгеге біз колледж жанынан ресурстық орталық құрып 8 бірдей цех аштық. Онда студенттер оқудан қол үзбей бос уақыттарында бетон, плита, сынды құрылыс материалдарын қолдан жасайды. Оның біз құрылыс компанияларына сатып ақша табамыз. Және студенттер былтыр 30 есікті жасап, 370 мың теңге тапты. Оған қоса студенттер 1,5 млн теңгеге колледждің спорт залын қалыпқа келтірді. Егер біз құрылыс фирмасын шақыртсақ 11 млн теңге шығындар едік. Міне, біз қолға алған пилоттық жобаның артықшылығы осында.

Келешекте Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі мемлекеттен тапсырыс алып, 3 айлық курстарда тұрғындарға құрылысшы, техникалық, аспаздық мамандықтарды үйретпекші. Осылайша, олар еңбек нарағына қатардағы жұмысшыларды мейлінше көбірек даярлауды көздейді.

Берік Қасен