Мәдениет

СҚО-да “Мәдениет сіздермен бірге” атты акциясы бастау алмақ

Мұхит Ахметов – облыстық филармонияның режиссері:

-Бұл кеште мен де сахнаға шығып, Нұрғиса Тілендиевтің «Абай арманы» атты әнін орындаймын.
Бұл концерттен түскен қаражатты біздің ұжым су тасқынынан зардап шеккен жерлестерімізге беруді жөн көрді.

Жалпы бір жарым сағаттық концертке 160-қа жуық әртіс жұмылдырылмақ. Шара сәуірдің 15-і күні кешкі сағат 19:00-де облыстық филармония залында өткізіледі деп жоспарланған.
Айту керек, мұндай қайырымдылық шараны солтүстікқазақстандық өнерпаздар «Мәдениет сіздермен бірге» акциясы аясында ұйымдастыруда. Мәселен, облыс орталығының театр ұжымдары жақында аудан-ауданды аралап, тегін қойылымдар көрсетпек.

Біржан Жалғасбаев – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры:

-Сәуірдің 20-сынан бастап біз Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, Тимирязев, Есіл, Тайынша аудандарына шығамыз. Судан зардап шеккен жерлестерімізге қолдау көрсету үшін ауыл-аймаққа барып, өнер көрсетеміз. Мәселен, біздің ұжым «Сиқырлы дүрбі» спектаклін қояды. Бәріне ұнайды деген ойдамын.

Н.Погодин атындағы орыс драма театры “Сұлтан Бейбарыс” қойылымын, ал облыстық қуыршақ театры “Иванушкина дудочка” спектаклін сахналамақ. Бұл игі істен облыс орталығындағы мұражай қызметкерлері де тыс қалған жоқ. Олар «Жақсылық жаса» көрмесі мен «Қайырымдылық жылы жүректен» атты экскурсиясын ұйымдастырмақ. Түскен қаражат су тасқынынан зардап шеккен жерлестерімізге жіберілмек.

 

 

Айгерим Ержанова