Қоғам

Қазақстанда “Азаматтарға арналған Үкімет” мемлекеттік корпорациясы құрылды

Сәйкесінше, аталмыш мемлекеттік мекемелерде көрсетілетін қызмет түрлерін бір жерден алу мүмкіндігі туды. Корпорация Инвестициялар және даму министрлігінің қарамағында болады. Министрлік өкілдері бұл құрылымды іске қосу кезінде Канада мен Аустралия елдерінің тәжірибесін негізге алыпты.

Дәулет Бекманов – ҚР ИДМ БААК электрондық қызметтерді бақылау басқармасының басшысы:

-Азаматтар енді бір жерден мемлекеттік қызмет түрлерін ала алады. Мысалы, халыққа қызмет көрсету орталығындағы қызметтерді зейнетақылар төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан алуға болады. Осылайша, мемлекеттік қызметтер оңтайландырылып, ұқсас құжаттар қысқартылуда.

Мысалы, әрбір азамат мекенжай анықтамасын әдеттегідей ХҚКО-ғана емес, сондай-ақ Зейнетақылар төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан да алуына болады. Бұл азаматтардың уақытын үнемдері сөзсіз.

Қазіргі таңда 4 кәсіпорындағы мамандардың біліктілігі артырылу үстінде. Осы күні ел бойынша 3 600-ден астам қызметкер оқыту курстарынан өтті. Алдағы уақытта “бір терезе” қағидаты бойынша тұрғындарға 500-ден астам қызмет түрі ұсынылады. Болашақта оның саны 730-дан асады деп болжануда.

Серік Бейсенов – “Азаматтарға арналған Үкімет” МК КЕ АҚ СҚО бойынша филиалы “ХҚКО” департаменті директорының орынбасары:

-Тағы бір ескеретін жағдай, халыққа қызмет көрсету орталықтары көрсететін кейбір қызмет түрлерін басқа орталықтың мамандары көрсете алмайды. Мысалы, төлқұжат пен жеке басты кәуаландыратын құжатты тұрғындар тек халыққа қызмет көрсету орталығында ғана ресімдей алады.

Аймақтар мен аудандардағы мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасын арнайы қоғамдық кеңес ұдайы бақылауда ұстайды. Істен шикілік шықса, олқылық жайлы бірден үкіметке хабарланады.

Дәулет Бекманов – ҚР ИДМ БААК электрондық қызметтерді бақылау басқармасының басшысы:

-Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі жалпы барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктегі қызметтер осы корпорация арқылы көрсетілетін болады. Біз мемлекеттік органдар қызметтердің сапасын ХҚКО-да қолға алған ақпаратық жүйе арқылы бақылап отырамыз.

Алдағы уақытта бұл жүйе оңтайландырылады. Яғни, «Халыққа қызмет көрсету орталығы», «Зейнетақылар төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық», «Жылжымайтын мүлік орталығы» және «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы” бір-біріне жақын орналасқан болса мекемемелер үлкен бір ғимаратқа топтастырылады. Осылайша, нысанның жалдау құнына кететін шығын да біршама қысқармақ.


 

Берік Қасен