Білім

Петропавлдағы Ю.Гагарин атындағы №14 орта мектепке 55 жыл

Антонина Сачкова – Ю.Гагарин атындағы №14 орта мектеп директоры:

-Ойқалада алғашқы мектеп 1765-ші жылы ашылған. Яғни бұл мектептің 2 ғасырдан астам тарихы бар. Ал мектептің мерейтойын біз 12-ші сәуірде атап өтеміз. Өйткені дәл осы күнде Юрий Гагарин ғарышқа ұшты.

Залда жайғасқан қонақтарға мектеп оқушылары би билеп, әдемі ән шырқап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Бүгін қонақтар қатарынан мектеп түлектерін де көптеп кездестіруге болады. Солардың бірі – қаламыздың құрметті азаматы, ботаникалық бақтың директоры Равиль Рязапов. Ол аталмыш білім ордасын сонау 63-ші жылдары тәмамдап, өсімдік шаруашылығына бет бұрған. Айту керек, бұл мектепте Рязаповтар әулетінің 6 буыны білім алған.

Равиль Рязапов – Ю.Гагарин атындағы №14 орта мектептің 1963-ші жылғы түлегі:

-Бұл мектепте менің арғы аталарым оқыған. Мен де осы жерде білім алдым. Балаларымды да оқыттым. Бұл мекеменің ұжымына алғысым шексіз. Бізді тәрбиеледі. Ұстаздарымның арқасында міне, үлкен жетістіктерге жеттім. Қазір өз шаруашылығым бар.

Ал аталмыш білім ордасында оқитын жастар аға буыннан үлгі алып, болашақта еліне пайда келтірер азамат болуды қалайды.

Әсия Сыздықова – Ю.Гагарин атындағы №14 орта мектептің 10-сынып оқушысы:

-Бұл мектепке мен бір жарым жыл бұрын ауыстым. Қазір мектептің вице-президентімін. Міндетім өзіме ұнайды. Ішкі тәртіпті бақылаймыз. Оқушылардың білімін тексеріп, концерттік шараларды ұйымдастыруға ат салысамын.

Бүгінде бұл мектепте 35 педагог 342 оқушыны білім нәрімен сусындатуда. Мерекелік кеш барысында аталмыш мектептің ұстаздарына алғыс хаттар мен дипломдар табыс етілді.

 

 

Айгерим Ержанова