Мәдениет

Петропавлда “Жұмағали Тілеулин” атты кітап жарық көрді

Жерлесіміз әр жылдары лауазымды қызметтерді атқарып, халықтың мұңын-мұңдап, жоғын жоқтаған. Бүгін қоғам қайраткерінің 125 жылдығына тарту ретінде облыстық мұрағатта “Жұмағали Тілеулин” атты кітап көпшілікке таныстырылуда. Туынды авторы Сәуле Мәлікова кезекті жинағында баспа беттерінің ешбірінде кездеспеген мәліметтер келтірілгендігін айтады.

Сәуле Мәлікова – СҚО мұрағатының директоры:

-Құжаттар Омбы тарихи мұрағатынан, орталық мұрағаттардан алынды. Тағы саяси-қуғын сүргінге ұшырағандар жөнінде ҰҚК-ның құжаттарын алдық. Бүгінде ол ІІД берілген. Сол ақпараттарды аша отырып оның қызмет жолын толықтырдық. Осы кітабымыз келешекте Жұмағали секілді дара тұлғаның жолын айтып, оның қызметін жастарға үлгі етіп көрсетуге септеседі деп ойлаймын.

Туындының тұсаукесеріне жергілікті орта және жоғары оқу орындарының студенттері де қатысуда. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де тарих мамандығы меңгеріп жүрген Саягүл Жәкежан, биыл оқуын тәмамдайды. Бойжеткен дипломдық жұмысын толықтыру кезінде кітаптың көп көмегі тиеріне сенімді.

Саягүл Жәкежан – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

-Ол жайында көп адамдар жазып кеткен жоқ. Мысалы, Қайролла Мұқановтың кітабын алсақ та, Ақбаевтың кітабында да менің дипломдық жұмысыма қажетті мәліметтер бар. Мен үлкен мақтанышпен бұл жұмысты алдым. Әлі де мәліметтер жетпей жатыр. Сондықтан осы кітаптағы кей деректерді өз жазбама қосамын.

Кітап 278 беттен тұрады. 100 данамен жарық көріп отыр. Енді бұл еңбек облыс аудандары мен қаладағы кітапханалардың оқырмандарына жол тартпақ.

 

 

Бакыт Садуакасов