Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге Эстония Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі- Яан Рейнхольд келді

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі:

-Ең алдымен біздің өңір- аграрлы өлке. Жыл сайын 4 млн гектардан астам жерге егін егеміз. Республикадағы астықтың үштен бірін облысымыз береді. Сондықтан осы саланы әрі қарай дамыта түсуді көздейміз. Біз үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ісі маңызды. Оны ақпан айында кездескенде айтқан болатынмын. Осы бағытта ортақ іс ашуға болады. Тауарды экспорттауда қиындық туындамайды деп ойлаймын.

Өңірде ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған. Әсіресе, теріскейліктер көптеген сүт зауыттарымен мақтана алады. Сондайлардың бірін бізде эстондықтар да ашуға ұсыныс білдіріп отыр.

Яан Рейнхольд- Эстония Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

-Екі елдің климаты ұқсас. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласында ортақ іс ашуда бірқатар артықшылықтар бар. Айталық, сүт өнімдерін өңдеу ісін алсақ. Ол 4-5 үлкен фермадан құралады. Олардың әрбірі 3300 бас малға шақталатын болады. Жобаны іске асыру бірнеше кезеңмен жүргізіледі. Бізде мұндай тәжірбие бар. Сол себепті егер ұсыныс қолдау тапса, онда өз технологиямызбен келеміз.

Елімізде бизнесмендерге жақсы қолдау көрсетіледі. Соны білетін эстондықтар инвестиция құйып, кәсіп ашуға әзір екендіктерін білдірді. Меймандар астықты экспорттауға қатысты да бірқатар ұсыныстар айтты. Оларда көлік логистикасы жақсы дамыған. 3 ірі порт болса, солардың бірінде элеваторы бар терминал орналасқан. Сол арқылы дәнді-дақылдарды өзге елдерге еш қиындықсыз жеткізуге болады. Ал жиын соңында қос тарап естелік сыйлықтармен алмасты.

 

 

Магжан Ахмадина