Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-да апаттық-құтқару жұмыстары жалғасуда

Төтенше жағдайлар комитеті сәуірдің 10-ынан ұсынған мәлімет бойынша, облыс аумағында уақытша дамбалар тұрғызылды. Олардың жалпы ұзындығы 10 260 метр. 3 мыңнан астам инертті материал салынған қап әзірленді. Әлі күнге дейін 7 ауданда жағдай тұрақсыз. 240 адам баспаналарына орала алмай отыр. Мыңнан астам ірі және ұсақ мал қауіпсіз жерде. Оқиға орындарына мыңнан астам маман мен 287 бірлік техника жұмылдырылған. 55 жол учаскесінен су кетпеген. Шал ақын ауданындағы 2 көпір қирап қалған. Осы күні су қоймаларына мониторинг жүргізілуде. Қазсушар кәсіпорны мамандарының мәліметінше, соңғы тәулікте Сергеев гидроторабындағы судың деңгейі 26 см-ге төмендеді. Онда қазір секундына 902 текше метр су тасталып жатыр. Ал Петропавл торабындағы судың деңгейі 58 см-ге көтерілген. Қазіргі таңда Үлкен Тораңғұл көлінің арнасынан асқан су Аққайың ауданындағы Рублевка селосына жетуі мүмкін. Қазір аталған елді мекенде құтқарушылар бөгет орнатуда. Жалпы еліміз бойынша апат орын алған ошақтарға 4 мыңнан астам адам, 1 200 бірлік техника жұмылдырылған. Осы күні тасқын судан бүлінген 197 жол бөлігінің, 120-сы қалпына келтіріліпті.