Спорт

Петропавлда шағын футболдан “Көктемгі тамшы” турнирі өтуде

Жасыл алаңда “Стрела” және “Қызылжар” құрамалары күш сынасуда. Жас аяқдоп шеберлері күн райының қолайсыздығына қарамастан қызықты ойын көрсетуде. Алғаш болып қызылжарлық спортшылар қарсылас қақпасын дәл көздеп алға шықты. Алайда, бірінші тайм соңында стрелалық футболшы есепті теңестірді.

Келесі таймда қос құрама ойыншылары бір-бірден гол соғып, ойынды тең нәтижемен аяқтады.

Александр Науменко – “Стрела” командасының капитаны:

– Қарсыластарымыз мықты болды. Дегенмен, біз де ұйымшылдығымызды таныта білдік. Бұл да жақсы көрсеткіш. Енді келесі кездесулерге дайындаламыз. Жеңімпаз атансақ деген мақсатымыз бар.

Петропавлда шағын футболдан “Көктемгі тамшы” турнирі дәстүрлі түрде өтеді. Жарысқа биыл 10 команда қатысуда. Аяқдопшылар 3 жас ерекшелігіне байланысты күш сынасуда.

Вячеслав Гуменный – “Мяч” жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы

– Турнир осымен 10-шы жыл ұйымдастырылып отыр. Биыл біз жас спортшыларды кішкентайлар, орта буын және ардагерлер қылып үшке бөлдік. Әзірге, 4-ші тур өтіп жатыр. Турнирлік кестеде көш бастайтын үздік анықталған жоқ. Алда әлі командалар 5 кездесуден ойнайды.

Турнир мамыр айының соңына дейін жалғасады. Сайыс жеңімпазы маусымда Щучинск қаласында өтетін республикалық жарысқа қатыспақ.

 

 

Риат Шони