Көлік және жолдар

Петропавл қаласының тұрғындары жолдардың сапасы сын көтермейді деп шағымдануда

Жолдар бұзылып, еріген қар суының салдарынан саз балшыққа айналған. Нәтижесінде жаяу да, көлікпен де жүру өте қиын болып отыр. Тұрғындардың айтуынша өткен күзде бұл жерде жылу құбырлары орнатылыпты. Жұмыстар аяқталғаннан кейін мамандар жай да нашар жолды қалыпқа келтірмей, құртып кеткен. “Жамбыл 1 А” қысқа көшесінде тұратын Базарбек Қалиев кезінде қалалық әкімдікке шағымданған екен. Бір айдан кейін жауап келіп, мәселе шешіледі делінген. Алайда, мінекей содан бері 4 жыл өткен.

Базарбек Қалиев – “Жамбыл 1 А” қысқа көшесі мекен жайының тұрғыны:

– Жолдар бұл жерде бірде-бір рет жөнделген емес. Қала әкімдері жыл сайын ауысады. Бірақ жолдарға еш көңіл бөлмейді.

Алматы көшесі 9 мекен жайындағы үйдің ауласы да лай-батпақ. Бұл жерде былтыр балабақшаның құрылысы жүргендіктен бүлінген екен.

Владимир Трофимов – Алматы көшесі, 9-үйдің тұрғыны:

– Бұрын бұл жерде тротуар болатын. Қазір балабақшаны салғаннан кейін жер бүлінді. Мектепке балалар әзер жетеді. Кеше ғана екі бірдей машина сазға батты.

Ал бұл – Ойқала ауданы. Бұл жердің де жағдайы мәз емес. Көліктер өте алмайды. Адамдар болса жағалай әзер жүреді. Екі жыл қиналған тұрғындар, былтыр өз қаражаттарына аз да болса қиыршық тас төсепті. Бірақ, ол жыртыққа жамау болмапты.

Светлана Метюрова – Ойқала көшесі, 411-үйдің тұрғыны:

– Су менің үйіме де кірді. Құтқарушылар үш күн бойы оны далаға ағызуда. Бұл жер ми батпақ. Оның үстіне қар еріді. Жолда жүру мүмкін емес. Бұл сұмдық қой.

Мынау – Теплые кусты көшесіне баратын жол. Күре жолды су шаюда. Бұл жаққа ешбір қоғамдық көлік қатынамайды екен. Тұрғындар орталыққа жаяу немесе таксимен барады. Кей кезде таксидің өзі мекен-жай бойынша келуден бас тартады дейді мұндағылар. Көптеген үйлердің ауласын су басуда.

Раиса Казарезова:

– Қаланың шетінде тұрамыз. Жолдарды су шаюда. Жедел жәрдем шақыртсақ өте алмайды. 19-шы ақпанда қалалық әкімдікке шағымдандым. Әлі күнге дейін жауап жоқ. Балалардың мектепке баруы қиын. Бұл жақта дүкенде жоқ. Азық-түлік алу үшін орталыққа әзер жетеміз.

Шаһар тұрғындарының шағымдарына қалалық әкімдіктегілер барлық мәселелер шешіледі деп жауап берді.

Серік Қанапинов – Петропавл қаласы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Жамбыл 1 А, “Г”, “Б” қысқа көшесінде биыл қиыршық тастар төсеу жоспарланған. Зауыт көшесінде өткен жылы “Основание” ЖШС инженерлік жұмыстар жүргізді. Олар енді асфальтты қалпына келтіруі қажет. Алматы көшесінде жер кепкесін ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ойқалаға биылғы жылы қиыршық тастар төселетін болады. Өткен жылы кіре беріс көшелерге төселген болатын. Ал Теплые кусты көшесін қыс мезгілінде “ҚазАвтоЖол” АҚ қардан аршу керек. Биылғы жылы суағарлар жасалады.

Жалпы биылғы жылы Петропавл қаласындағы жолдарға қиыршық тастарды төсеуге 250 млн теңге бағытталған.

 

Риат Шони