Мәдениет

«Sensitive» балдық би ансамбліне – 10 жыл

Құлақтарында мүкісі бар жасөспрімдердің өнері кәсіби шеберлерден кем емес. Әртістердің әр қимылы қошеметке тұрарлық. Бұлар ел намысын халықаралық байқауларда абыроймен қорғап жүрген – «Sensitive» балдық би ансамблі. Бүгінгі мерейтойға өнер ұжымы 1 жарым ай бойы тыңғылықты дайындалыпты.

Ольга Ростовщикова «Sensitive» балдық би ансамблінің жетекшісі:

– Ансамбль құрылған кезде балалармен жұмыс істеу мүмкін емес еді. Оларға би қимылдарын әуен ырғағына сай түсіндіру қиынның қиыны. Ал, қазір біз сол ауыртпалықтың барлығын бастан өткердік. Республикалық, халықаралық байқауларда менің балаларым жеңімпаз атанғандарына қуаныштымын.

Ансамбль – есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаты тәрбиеленушілерінен құралған. Концерт басында көрерменге өнер ұжымының 10 жылдық тарихы слайд арқылы көрсетілді. Кейін кезек әртістерге берілді. Сахнада жасөспірімдер еуропалық және латынамерикалық билерді орындады.

Бұл – “Веналық вальс” атты би. Оны өнер ұжымының негізгі өнерпаздары билеуде. Ансамбль дәл осы туындымен былтыр Болгарияда өткен халықаралық байқауда жеңімпаз атаныпты. Сондай-ақ, кеште қаламыздағы басқа да би топтарының жастары өнер көрсетті. Олар мұнда мерейтой иелерін құттықтауға арнайы келген.

Денис Половинка, “Brooklyn” би мектебінің жетекшісі:

–  «Sensitive» балдық би ансамблін 10 жылдық мерейтойларымен құттықтаймын. Оларға болашақта шығармашылық табыс тілейм. Тек қана биік белестерден көріне берсін.

Ансамбльде 30-дан аса биші бар. Өнерпаздардың қатары жыл сайын ауысып отырады. Өнер ұжымының ең кішкентай мүшелерінің жасы 6-да. Оларда аға-әпкелерінен қалыспай сахна көркін қыздыруда. Мерейтойлық кеште өнер ұжымына деген құттықтаулар шет елдердегі әріптестерінен де түсіп жатты.

Бишілердің өнерін көрермендер 2 сағат бойы тамашалады. Концерт соңында ансамбльге облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан ықылас гүлі сыйланды.

–  Концерт өте тамаша өтті. Маған балалардың өнері қатты ұнады. Тіпті кей сәттерде көзіме жас алдым.

Енді, өнер ұжымы мамыр айының соңында Испанияда өтетін халықаралық байқауға қатыспақ.

 

Култанов Байболат