МТРА жаңалықтары

Қызыл судан зардап шеккен Донецкое аулындағы жағдай тұрақталды

Қызыл судан ең алғаш зардап шеккендердің бірі – Виктор Будзинскийдің үйі. Тасқын аулаға тез жайылып, 65 жастағы қарияның баспанасына кірген. Мұндағы су деңгейі де белуардан асты дейді ауыл тұрғыны.

Виктор Будзинский – Донецкое селолық округының тұрғыны, Тайынша ауданы:

-Менің үйімдегі екі бөлмені толығымен су басты. Мінекей қабырғаларды да бүлдірді. Жиһаздар түгел су. Жертөледегі картоптар да бүлінді. Техника күйіп кетті.

Қазір Виктор Будзинский жұбайы екеуі қызының үйін паналауда. Олар үйіміз әбден кепкесін баспанамызға ораламыз деп отыр.

-Бұл – Виктор Будзинскийдің жаздағы асханасы. Мұнда келген қызыл судың деңгейі адам бойымен бірдей болыпты.

Ал бұл – “Глория” шаруа қожалығының басшысы Владимир Кулаковский. Қазір ол қызыл судың кесірінен бүлініп қалған мал азығын тіркемеге артуда. Тасқын кезінде кәсіпкер жем-шөбінен өзгесін сақтап қала алыпты.

Владимир Кулаковский – “Глория” ШҚ басшысы, Тайынша ауданы:

-Ес жиып үлгерген жоқпыз, қызыл су ауыл ішіне лезде енді. Судың деңгейі көтерілгендіктен бірінші кезекте бұзауларды үй ішіне кіргіздім.

Қазір Донецкое ауылының тұрғындары апаттан кейін естерін жиып, үйлерінде су болып қалған заттарын, аман қалған техникаларын кептіруде.

Наталья Гарбовская – Донецкое селолық округының тұрғыны, Тайынша ауданы:

-Мынау, міне аман қалған картоптар. Арасында дымқылдары да бар. Жеуге болатынын, не болмайтынын білмеймін. Бірақ, отырғызуға болады. Малдардан бір үш айлық бұзау өліп қалды. Су суық болғаннан кейін сіресіп қалды. Қалғандарын аман алып қалдық. Бірнеше тауықтар өлді. Қазір барлық ақыны өтеп берді. Ол үшін рахмет.

Наталья Гарбовская тасқын келген күні жұмыста болыпты. Үйінде қалған жолдасы Александр Гарбовский шама-шарқынша жиһаздарын, кілем, төсеніштерін жалпы қолына леккеннің барлығын жоғарыға көтеріп аман алып қалған. Айта кету қажет, астаналық “Әліби” шаруа қожалығының басшысы Нұрлан Тілеубаев зардап шеккендерге 2 млн теңге бөлген.

Наталья Гарбовская – Донецкое селолық округының тұрғыны, Тайынша ауданы:

-Бізге тамақпен Краснокиевск мектебі, шіркеу мен көптеген тұрғындар көмектесті. Бізге судың зардабы аз тиді. Өзге адамдарда бұдан да қиын. Көмек уақытында келді. Ауыл, аудан әкімдерінің өздері де белден суға кіріп, барынша көмек беруге тырысты. Далада қалған жоқпыз. Рахмет.

Алқаптардан аққан еріген қар суы Донецкое ауылына отыз жылда бірінші рет үлкен зардап әкеліп отыр. Оны селолық округтің әкімі Денис Малиновский айтуда. Елді мекенді 9 жыл бойы басқарып келе жатқан әкім көпті көрдім, бірақ тасқынмен алғаш рет күрестік дейді.

Денис Малиновский – Донецкое селолық округының әкімі, Тайынша ауданы:

-Наурыздың 31-і күні күндізгі сағат 12-лер шамасында даладан еріген қар суы село ішіне бағыт алды. Табиғи апаттың алдын алу үшін бізге облыстық маңыздағы тас жолды қазуға тура келді. Қайғы-қасіреттің бәрі артта қалды. Қазір ауыл тұрғындары жайлап естерін жиып, қайнаған ауыл өмірі қайта қалпына келуде.

Донецкое аулында 230 үй бар. 31-ші наурыз күні тасқын 26 баспананың ауласын басып, 18 үйдің ішіне кірген. Барлығы 65 ұсақ мал суға тұншығып өлген.

Берік Әлжанов – СҚО ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

-Облыс әкімінің бастамасымен малы суға кеткен адамдарға өтемақы төленіп жатыр. Ол үшін резервтен 1 млн 94 мың теңге бөлінді.

Бүгін “Қазпошта” АҚ жергілікті бөлімінде өтемақыны алуға келгендердің бірі – Леонид Левицкий. Жасалынып жатқан көмекке ауыл тұрғыны ризашылығын білдіруде.

Леонид Левицкий – Донецкое селолық округының тұрғыны, Тайынша ауданы:

-Мен тасқыннан зардап шеккен ауылдықтардың атынан облыс басшылығына алғысымды айтқым келеді. Абдырап қалған халыққа көмек жан-жақтан дер кезінде келіп жетті. Бүгінде суға кеткен үй жануарларына берілетін өтемақыны алып жатырмыз.

Келесі аптада облыс әкімінің тапсырмасы бойынша ауыл тұрғындарына енді зардап шеккен үй-жайлар мен қора-қопсылар үшін өтемақы төленетін болады. Ол үшін резервтен 1 млн 910 мың теңге бөлінді.

 

 

Риат Шони