МТРА жаңалықтары

Еріген қар суымен арпалыс

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

-Тасқын суды ауыздықтауға 20 сорғы, 3 дизельді құбыртазарту көлігі, 11 бөшке, экскаватор тартылды. Техника мен адам күші жеткілікті. Үйлерін су басқан тұрғындардың барлығына көмек беріледі. Қызыл судан жапа шеккен баспана иелері қалалық әкімдікте тәулік бойына қызмет атқаратын жедел штабқа 46-57-47 телефон нөмірі бойынша хабарласа алады.

Коммуналдық мекемелер қанша әрекет еткенімен қалада тасқын қаупі әлі сейілген жоқ. Өйткені, қазір Сергеев су қоймасынан жіберілген үлкен көлемдегі қызыл су Есіл өзенімен Петропавлға таяп келеді. Деңгейі 2 метрге жететін су облыс орталығына ертең жетеді деп болжануда.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

-Қазір Заречный мен Былғары зауыты ауданында құтқарушылар мен әкімдік өкілдерінен құралған бекет су деңгейін бақылауға алды. Біз су басу қаупі жоғары деген баспана иелерімен тілдесіп, қауіп төнгенде әрекет ету жолдарын түсіндірдік. Есіл өзені арнасынан асса қос аудандағы 20-25 үй тасқын астында қалуы мүмкін. Бұл, әзірге болжам ғана.

Баяндамасын аяқтаған қала әкіміне кейін журналистер сұрақтарын жаудырды. Тілшілер тасқыннан зардап шеккен жер үйлердің тұрғындарына қандай көмек берілетіндігін сұрады.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

-Осы күні қызыл судың зардабын тартқан баспана иелері бірреттік материалдық ақшалай көмек алуға өтініш бере алады. Ол үшін Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмiне жүгіне болады. Әлеуметтік көмек мөлшері 100 АЕК құрайды.

Биыл Петропавлдағы көктемгі су тасқынына қарсы жұмыстарды жүргізуге қалалық бюджеттен 27 миллион теңге бөлінген.

 

 

Бакыт Садуакасов