Энергетика

“Севказэнергосбыт” серіктестігі 200 мың өңір абонентіне қызмет көрсетеді

Заман талабына сай жарақталған нысанда тұрғындар бір мезетте қажетті кеңес алып, коммуналдық ақыларын төлейді.

Мағауия Сағандықов – “Севказэнергосбыт” ЖШС бас директоры:

– Өткен жылы орталыққа көрсеткіштерді қабылдау, есептеу және энергиядан ажыратылып-қосылу бойынша 250 000 қоңырау келіп түсті. Сондай-ақ, электронды өтініштердің кестесі енгізілді. Бұл біздің мамандардың тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын бақылауға жағдай жасайды.

Соңғы уақытта қалада көпқабатты баспаналарға жылу есептегіш құрылғысын орнату өзекті болып тұр. Бүгінде облыс орталығында 1000-нан астам тұрғын үй тіркелген болса, соның аздағаны бөлігі ғана есептегіш қондырғыларын орнатыпты. Алайда, 2017-ші жылдың 1-ші қаңтарынан аппаратты орнатуға құлық танытпаған пәтер иелері мен заңды тұлғаларға қатысты жаңа ережеге бойынша шаралар қолданылатын болады.

Арман Өтегенов – СҚО бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы:

– Елбасының берілген тапсырмасына сәйкес тұрғын үй қорында жылуды есепке алу құралдарын орнату бойынша бағдарлама жасалды. Мәселен, келер жылдан жеке тұлғалар жылу энергиясына 28,5 пайыз ақы төлесе, заңды тұлғалар одан екі есе артық көлемде төлем жасайтын болады. Ал есептегіш құрылғысы бар пәтер иелерінің ай сайынғы ақысына жеңілдіктер қарастырылады. Сондықтан, пәтер иелерінің төрағалары құрылғыны тездетіп орнатқандары жөн. Бұл ертең өздеріне жақсы.

Серіктестіктің байланыс орталығы осыдан 2 жыл бұрын “жеке кабинет” атты жаңа қызмет түрін қолданысқа енгізген. Жобаның арқасында тұрғындар өздерінің қарызын, төлем шоттарын қарап, есептегіш құрылғының көрсеткіштерін енгізе алады. Ағымдағы жылы кәсіпорын басшылығы “жеке кабинет” қызметін өңір аудандары үшін де қолжетімді қылуды көздеп отыр.

Бакыт Садуакасов