Ауыл шаруашылығы

Прибрежное селосындағы “№1 Инкубаторий” ЖШС жылына 10 млн 800 мың балапан шығаруға қауқарлы

Балапандарды сатып алуға жұртшылық таң атпай келді. Арасында “Империя” ЖК директоры Евгений Криницын да бар. Астана қаласынан келген бизнесмен “№1 Инкубаторий” серіктестігінен бройлер тауығының шөжелері осымен екінші рет сатып алуда. Айтуынша, бұл құстар етті келеді.

Евгений Криницын – “Империя” ЖК директоры, Астана қаласы:

– Біз балапандарды өзіміз үшін де, саудалау үшін де аламыз. Аймағымызда бройлер тауықтарына деген сұраныс жоғары. Бұл кәсіпорыннан наурыз айында 800 балапан алған болатынмын. Барлығы да аман-есен өсті. Енді, міне тағы да 800-ін алдым. Өте сапалы.

Жалпы “№1 Инкубаторий” ЖШС-нің цехында жасанды түрде балапан шығаратын 10 қондырғы орнатылған. Оның біреуіне 45 мыңға жуық жұмыртқа сыяды. Қазір кәсіпорында 5 адам еңбек етеді. Екатерина Калининаның негізгі міндеті – аппараттардың дұрыс жұмыс істеуін қадағалау және жұмыртқаны жарып шыққан балапандарды жәшіктерге бөліп салу.

Екатерина Калинина – “№1 Инкубаторий” ЖШС жұмысшысы, Қызылжар ауданы:

– Ең әуелі біз жұмыртқаларды қондырғыларға салып, қалыпты температурада ұстаймыз. Ол – 37-38 градус аралығы. 18 күн өткеннен кейін бүлінген, ұрықтанбаған жұмыртқаларды алып тастаймыз. Ал 21 күн өткеннен кейін балапандар дүниеге келеді. Оларды кепкеннен кейін жәшіктерге бөліп саламыз.

“№1 Инкубаторий” балапандарды бұған дейін тек маусым бойынша шығарса, енді өткен жылдың желтоқсан айынан толық қолға алыпты. Содан бастап бүгінге дейін мұнда 1 млн-ға жуық шөже дүниеге келген. Ал инкубаторларға қажетті жұмыртқа Қарағанды облысынан алынады екен.

Иван Унрау – “№1 Инкубаторий” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Бастапқыда біз балапандарды шағын құс фабрикаларына саудалайтынбыз. Қазір ірі кәсіпорындарға шықтық. Облыс әкімінің қолдауының арқасында Қостанай, Астана сынды қалалармен әріптестік орнаттық. Жаз айында Павлодар облысына да балапандарды саудалайтын боламыз. Біздің 32 мың бас тауыққа арналған көлігіміз бар. Жалпы серіктестігіміз жылына 10 млн 800 мың балапан шығаруға қауқарлы. Негізі біз бройлер тауығының “Кобб-500” тұқымын шығарамыз.

Соңғы тәулікте инкубатордан 35 мың балапан жұмыртқа жарып шыққан. Алдағы уақытта кәсіпорын басшылығы өз бизнесін жан-жақты кеңейтпек ниетте.

 

Риат Шони