Мәдениет

Петропавлда пианист Гүлдана Жолымбетованың шығармашылық кеші өтті

Қазақ ұлттық өнер университетінің эстрада өнері кафедрасының негізін қалаған нәзікжанды қазіргі уақытта шығармашылығын АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында жалғастыруда. Жат жерде жүрген қазақ қызы жылда еліміздің қалаларын аралап, халыққа өнерін тәнті етеді.

Гүлдана Жолымбетова – пианист, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры:

– Концертте қазақстандық композитор Серік Еркімбековтың, американдық Джордж Гершвиннің туындылары орындалады. Сондай-ақ, солтүстікқазақстандықтарға сый ретінде жапондық өнер иесі Дзе Хисаисидің шығармалары мен анимациялық фильмдердің, кино саундтректеріне арналған әйгілі әндер шырқалады.


Концертте көрермендерге жол тартқан әр туындыны облыстық филармонияның эстрадалық-симфониялық оркестрі сүйемелдеп отырды. Оркестрдің көркемдік жетекшісі Сергей Имашбаев әйгілі музыкантпен бір сахнада өнер көрсету – біз үшін зор мәртебе, – дейді.

Сергей Имашбаев – СҚО филармониясының эстрадалық-симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі:

– Гүлдана Жолымбетованың шығармашылық кешін осыдан 1 жыл бұрын өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Бүгін, міне кеш қонағы теріскейліктерге әсем әуенді туындыларын орындап, бір марқайтып тастады. Гүлдана Жолымбетова 70 жасқа толса да әлі де бойына дарыған өнерімен дүние жүзін тәнті етіп келеді.

Өнер иесінің кешіне оның шығармашылығымен етене таныс петропавлдықтар жиналды. 1,5 сағат бойы әлем композиторларының озық туындыларын ұйып тыңдаған жерлесеріміз кештен ерекше әсер алды.

Енді Гүлдана Жолымбетова концертімен Қостанай қаласына жол тартпақ.

Култанов Байболат