Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі өңірдегі су басқан елді мекендерді аралады

Кеше Бескөл ауылының шетіндегі “Санта барбара” ауданында 16 үйге су жетіп, 5 баспананың тұрғындары уақытша туыстарына қоныстандырылды. Бұдан бөлек осы жерде қойма мен дәмхана, монша сынды нысандар бар. Алқаптардан келген қызыл судың деңгейі 70 см-ге жеткен. Оны мамандар 2 бірдейсорғыш құрылғымен жолдың келесі бетіне ағызуда. Уақытша ығайсыздықтарға байланысты Петропавл-Астана бағытындағы күре жолдың бір жолағына бөгет қойылған, көліктердің қозғалысын тәртіп сақшылары бақылауда. Осы күні облыс аумағында 100 шақты елді-мекенге су жеткен. Өңір жетекшісінің айтуынша, қазіргі таңда су сорғыш құрылғылар жетіспеуде.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінде 6 ауданда 100 үйді су алған. Ондағы судың деңгейі еденен кішкене ғана көтерілген. Біз облыста құрылысшылардың, жолшылардың техникасын жинап, бәрін қолданып жатырмыз. Бүгінде жетіспей жатқан су сорғыштарды Ақмола, Қарағанды облыстарынан алдыртудамыз. Осылайша біз барлық техниканы қолданып, тұрғындарға барлық жағдайды жасаймыз.

Екі күн бұрын Тайынша ауданындағы Келлеровка селосында 20 шақты үйді су басты. Ол баспаналардағы 70-ке жуық адам туыстары мен мектептен уақытша пана тапты. Тұрғындардың мал-мүлкіне еш зақым келмеді. Оқиға орнына 130-дан астам адам жұмылдырылған. Алматы, Астана қалаларынан келген арнайы құтқарушылар ауыл жиегіне инертті материалдардар мен құм салынған 1 200 қаптан кішігірім дамба тұрғызған. Ауылдың әр жерінен үлкен жырақтар қазып, алқаптардан келіп жатқан суларды еңіске ағызуда.

Осы күні Тайынша ауданындағы Донецкое селосы тұрғындарының шығындары толығымен есептелді. Аталмыш елді мекенде 65 ірі қара, 35 шошқа, 27 ұсақ мал, 100-ден астам тауық қырылып қалған. Облыстық әкімдік зардап шегушілердің жеке шотына мал-құс сатып алу, қора-қопсысын қалыпқа келтіру үшін резервтегі қаражаттан шамамен 2 млн. теңге аударды.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қызыл судан зардап шеккен Донецкое селосы тұрғындарының шығындары толығымен өтелді. Олар ақшаларын жеке есепшоттарынан ала алады. Өз басым “Алиби” қожалығының басшысы Нұрлан Тілеубаевқа алғысымды білдіремін. Кәсіпкер қызыл судан жапа шеккен тұрғындарға 2 млн теңге бөлді.

Осы күні өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов Аққайың ауданындағы Смирново селосына соқты. Мұнда да бірнеше үйдің ауласына қызыл су келген. Қазір оны мамандар 13 бірлік техника мен сорғыш станцияның көмегімен сыртқа ағызуда.

Дәурен Байтөлешов – Аққайың ауданының әкімі:

– Қазір Смирново селосындағы бірнеше үйдің ауласына су жеткен. Бұл жерде суды сыртқа ағызу жұмыстармен 50 шақты адам айналысуда. Астана қаласындағы арнайы құтқару жасағынан 8 маман келді. Қазіргі таңда Аққайың ауданы бойынша 20 үйде әлі де су тұр. Үш күнен кейін жағдай толығымен тұрақталады деген сенімдемін.

Күннің екінші жартысында аймақ басшысы Ерік Сұлтанов Есіл ауданында да болды. Осы күні Покровка-Корнеевка-Горный бағытындағы облыстық маңыздағы күре жолдың 600 метрін қызыл су басқан. Жеңіл көліктің жүргізушілері жолмен абайлап өтуде.

“Қазсушар” мемлекеттік кәсіпорынының директоры Аманжол Қожағұловтың айтуынша, бұл үлкен Тораңғұл көлі мен алқаптардан жиналған су. Тораңғұл көліндегі судың деңгейі 60 см-ге жоғарылапты. Қазір мамандар жағдайды бақылауда ұстап, көлдер мен өзендерге үнемі мониторинг жүргізуде.

Мұратбек Әбішев – Есіл ауданының әкімі:

 

– Есіл ауданында 5 елді мекенге қызыл су келді. Ондағы бірен-саран үйлерді ғана су басты. Жалпы аудандағы жағдай қалыпты. Жұмыс күш, интертті материалдар мен техника жеткілікті.

Әлі де болса, алқаптарда қалың қар жатыр. Өңірдегі мамандар мен құтқарушылардың болжамынша, облыс аумағындағы жағдай 15-20 күнен кейін тұрақталуы мүмкін.

Берік Қасен