Спорт

Петропавлдық муай-тайшылар ел біріншілігінен жүлделі оралды

Осы уақыт ішінде жас жігіт шығыс жекпе-жегінің айла-тәсілдерін түгелдей меңгерген. Спортшының жаттығу кезінде қол-аяғы қатар жұмыс істейді. Оған қоса қарсыласына тізе және шынтақпен де соққы бағыттайтыны бар. Тынымсыз жаттығулардың арқасында ол ел біріншілігінде чемпион атанған.

Саид Сұрағанов – муай-тайдан ел біріншілігінің жеңімпазы:

– Жарыстағы қарсыластарымның барлығы мықты болды. Бірінші кездесуде ақтаулық споршыны ұттым. Келесіде Алматылық жігітті нокаутқа түсіріп, жеңімпаз атандым. Финалдық жекпе-жекте өзіміздің петропавлдық муай-тайшымен кездестім. Ол – мықты қарсыластарымның бірі. Дегенмен де одан ұпай сандары бойынша басым түстім.

Жалпы, Атырау қаласында өткен ересектер арасындағы жарысқа еліміздің 12 өңірінен 120-дан аса спортшы қатысқан. Біріншілікте теріскейлік 9 муай-тайшы бақ сынапты. Оның 4-еуі жүлдегерлер қатарынан көрінген. 2 жерлесіміз алтыннан алқа тағынса, қалғандары 1 күміс пен 1 қола иеленген.

Иван Ван-Хон-Тун – муай-тайдан облыс құрамасының бас бапкері:

– Біздің муай-тайшылар артқан сенімді түгелдей ақтады. Олардың жеңістеріне ризамын. Бұл жарыс ұлттық құрама қатарына үздіктерді іріктеу болатын. Ел біріншілігінде жеңімпаз атанған 2 спортшымыз мамыр айында Щвецияда өтетін әлем чемпионатына қатысады. Әліде дайындықты жалғастырамыз.

Алдымен солтүстікқазақстандық спортшылар жаһандық жарысқа аттанбас бұрын сәуір айының соңында Қытайда өтетін халықаралық додада бақтарын сынамақ.

Култанов Байболат