МТРА жаңалықтары

Кітапхана үй мен жұмыстан кейін адамдар көп келетін үшінші орынға айналуы тиіс

Кітапханашылар бұлай жалғаса берса, тұрғындардың кітапқа қызуғышылығы мүлде төмендеп кете ме деп алаңдайды. Салдарынан жастардың сөздік қоры азайып, ойлау қабілетінің нашарлауы да ықтимал.

Любовь Самсонова – С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім жетекшісі

– Тұрғындар кітапханаға кітап оқу үшін ғана емес, біз оларға кітапханаға келгенде демалып кететіндей жағдай жасауымыз керек. Болашақта біз бұл жерді үй мен жұмыстан кейін адамдар көп жиналатын үшінші орынға айналдыруымыз қажет. Кітап оқыған адам қашан да озады. Сондықтан біз оқырмандардың қатарын сиретіп алмас үшін инновациялық жобаларды енгізуіміз керек.

“Заманауи кітапхана – ашық мәдени-ақпараттық кеңістіктің элементі” атты кітапхана қызметкерлеріне арналған облыстық семинарда оқырмандардың қызығушылығын ояту мәселесі қозғалды. Кітапханаға сұраныс азайып бара жатса да осы күні оқырмандардың емес, кітапханалардың санын арттыруға басымдық беріп жатқан аудандар да бар екен. Оларда инновациялық жобаларды айтпаған күннің өзінде электрондық кітапхананы пайдалану белсенділігі төмен. Мұны семинарға қатысушылар айтты.

Бақыт Жалмағанбетова – Айыртау аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры

– Қазір біз Айыртау ауданында кітапханаларды көптеп ашуға басымдық берудеміз. Аудандық кітапханаларда электрондық кітаптар көбінесе қолданылмайды. Оның барлығы қаражатқа келіп тіреледі.

Семинар соңында кітапханашылар заманауи кітапханаларды дамыту және инновациялық формаларды пайдалану тақырыбы төңірегінде пікірталас ұйымдастырды.

Берік Қасен