Қоғам

Биыл 100 жуық ПИК төрағалары біліктілікті арттыру курстарынан тегін өте алады

Былтыр 100-ге тарта теріскейлік арнайы оқудан өтіп, қолдарына сертификаттарын алған. Олардың қатарында Гүлнәр Кәрібаева да бар. Нәзік жанды “Миг СКО” пәтер иелері кооперативіне екі жылдан бері төрағалық етеді. Айтуынша, біліктілік курстарының арқасында жұмысына тың көзқараспен қарайтын болған.

Гүлнәр Кәрібаева – “Миг СКО” ПИК төрайымы:

– Мен үшкүндік курстан өтіп біліктілігімді арттырдым. Оқуда заң, құқық және қаржы жайлы тақырыптар қозғалды. Барлық сметалық құжаттарды дұрыс толтыруды үйретті. Қазір бар білген-түйгенімді өз жұмысымда еркін қолдана аламын. Курстар маған көмегін тигізді.

Жалпы “Миг СКО” пәтер иелері кооперативінің қарамағында 6 үй бар. Ол – шамамен 400 пәтер. Бірнеше үйде мемлекеттік “Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы арқылы подъезд бен шатырлар жөнделіп, жылу құбырлары алмастырылыпты. Оның үстіне өткен жылы аулада шағын футбол алаңы орнатылып, балаларға арналған алаңқай да тұрғызылған.

Разалия Сагитова – Интернационал көшесі, 29-үйдің тұрғыны:

– Үйіміз ескі, тұрғызылғанына 50 жылдан асты. Мінекей, біз “Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасына қатысып, жылу құбырларын ауыстырдық. Сыртын әктеп, сырладық. Үйіміз жаңарып қалды.

Өз біліктілігін арттыруға мүмкіндік алғандардың тағы бірі – “Мир 87” ПИК төрағасы Борис Иванченко. Алған білімінің арқасында ол енді үйдің шығыстары мен тұрғындарға арнап есептерді мына порталға орналастыруды үйреніп алған.

Борис Иванченко – “Мир 87” ПИК төрағасы:

– ПИК төрағасының негізгі проблемасының бірі, ол – тұрғындармен кездесіп, тілдесу. Барлығын бір жерге жинау әрдайым мүмкін бола бермейді. Бірі – жұмыста, бірі -жолда. Сол себепті, аймақтық пәтер иелері порталына әр төраға өзі басқаратын үй жайлы ақпарат сала алады. Курстарда мен оны қалай пайдалану керектігін үйрендім. Өте ыңғайлы. Қазір кірістер мен шығындар жайлы ақпаратты, тоқсан сайын есептің қорытындысын да осында енгізіп отырамын.

Қазір бұл үйдің тұрғындары жылу мен жылы суды үнемдейтін арнайы қондырғыны орнатуда. Ол ауа райына байланысты температураны өздігінен ауыстырады. Бұның барлығы “Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы аясында жасалуда.

Борис Иванченко – “Мир 87” ПИК төрағасы:

– Біздің үйімізде жылуды өздігінен басқаратын арнайы қондырғы орнатылған. Ол үйдегі жылуды үнемдеуге үлкен септігін тигізеді. Өздігінен қажетті температураны таңдай алады. Сонымен қатар, дәл сондай тек жылы су үшін жауап беретін құрылғы да бар. Біз мемлекеттік бағдарлама арқылы үйіміздің шатырын – 22 млн, ал жертөлесін 7 млн теңгеге күрделі жөндеуден өткізіп жатырмыз.

Біліктілікті арттыру курстарынан пәтер иелері кооперативі төрағаларының кез келгені тегін өте алады. Оқу тамыз бен қазан айларының аралығында, қалалық әкімдікте ұйымдастырылады. Оның үстіне әрбір солтүстікқазақстандық “Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы туралы кеңес ала алады.

Сергей Худяков – “ТКШ ҚазОрталығы” АҚ СҚОФ директоры:

– Біз курстарда пәтер иелері кооперативі төрағаларына тұрғындармен қалай етене жұмыс жасау керектігін үйретеміз. Шығыстар мен кірістердің сметасын дұрыс құруды көрсетеміз. Сондай-ақ, салық, әкімшілік кодекстармен таныстырып, жұмыстарына жаңа мүмкіндіктер ашамыз.

Бүгінде Петропавлда 300-ге жуық пәтер иелері кооперативі төрағалары мен есепшілер бар. Олардың барлығы арнайы курстан тегін өтіп, біліктіліктерін арттыра алады.

 

Риат Шони