МТРА жаңалықтары

СҚО-да”Асыл бала” қауымдастығының жергілікті филиалы құрылды

Бұл ұйым бизнесмендер, қоғам қайраткерлері мен саясаткерлердің мұрындық болуымен былтыр ғана құрылды. Бүгінде қауымдастықтың өңірлерде филиалдары жұмыс істейді.

Зарина Қуатова – “Асыл бала” қауымдастығының өкілі:

– “Асыл бала” қауымдастығы білім, спорт, медецина сынды барлық салаларды қамтиды. Мысалы, біз медицина бағыты бойынша биыл Астана, Шымкент, Талдықорған, Ақтөбе қалаларында қайырымдылық балын өткізіп, шарадан 15 млн теңге жинадық. Ол қаражат Астана мен Алматы қалаларындағы онкологиялық орталықтарға бөлініп беріледі.

“Асыл бала” қауымдастығы көкек ана, жауапсыз әкелермен жұмыс жасап, қоғамда жетім балалардың санын азайтуға күш салмақ. Және аймақтарда аутизм дерті мен Даун синдромына шалдыққан балаларға арналған оңалту орталықтарын ашып, мүмкіндігі шектеулі балғындарды қоғамға бейімдеуге атсалысады. Ауыр науқастанған балаларды басты назарға алып, шетелдің білікті дәрігерлеріне қаратады.

Зарина Қуатова – “Асыл бала” қауымдастығының өкілі:


– Біз өңірлердегі филиалдар арқылы науқас балалар туралы мәліметтер жинап, оларды шетелден арнайы шақыртылған білікті дәрігерлерге қаратамыз, ауруы асқынғандарға жедел түрде операция жасатамыз. Биыл Американың пластикалық хирургтерімен меморандум жасастық. Осы жылы олар елімізге келіп, шамамен 30 балаға ота жасайды. Олардың барлығы – балалар үйінің тәрбиеленушілері.

“Асыл бала” қауымдастығының өңіріміздегі филиалына Галина Бондаренко жетекшілік етеді. Нәзік жанды солтүстікқазақстандықтардың өтініш-тілектерін Астанадағы қауымдастық өкілдеріне жеткізіп тұрады.

Галина Бондаренко – “Асыл бала” қауымдастығы СҚОФ жетекшісі:

– Сонымен қатар, “Асыл бала” қауымдастығы мүмкіндігі шектеулі балаларға, Даун синдромы, Аутизм дертіне шалдыққан науқастармен жұмыс жасайтын адамдарға, коммерциялық емес ұйым жетекшілеріне әдістемелік кеңес берумен айналысады. Балалардың құқықтарына қатысты заңда өзгерістер енгізуге ұсыныс жасай алады.

Қазіргі таңда “Асыл бала” қауымдастығындағылар аймақтардағы ҮЕҰ-дар, балалардың құқықтарын қорғайтын қоғамдық бірлестіктер қол астына жинап, бірігіп жатыр. Олар қордаланып қалған ортақ проблеманы күш біріктіре отырып шешпекші.

Берік Қасен