Спорт

Облыс таэквандошылары Азия чемпионатынан жеңіспен оралды

Биыл жауапты турнирге әлемнің 17 мемлекеті мен Қазақстаннан 400 таэквондошы шаршы алаңда шеберлігін көрсетіп, төрешілердің жоғары бағасын алуға барын салды. 4 күндік бәсекеде ел атынан 100 спортшы жарысқа түссе, соның 6-уы теріскейлік таэквандошылар.

Владимир Хван – СҚО таэквондо федерациясының президенті:

– Халықаралық турнирде солтүстікқазақстандық спортшылар осал қарсылас емес екендіктерін дәлелдеді. Чемпионатқа аттанған 6 саңлақтың барлығы да өз тобында үздік атануға тырысты. Қанша дегенмен біріншілікте өнер көрсеткен Корея, Ресей және Тәжікстан елінен келген таэквондошылар әдістерді қолдану жағынан өзгелерінен ерекшеленді.

Өстіп Азия біріншілігінде сәтті өнер көрсеткен жерлес 7 таэквондошы ұл-қыздарымыз 7 алтын, 3 күміс және 2 қола жүлдені еншіледі.

Илья Хван сенім артқан шәкірттерінің бірі 15 жасар Айнұр Қадырменова, чемпионаттың тул сериясында алтыннан алқа тағынды. Күнделікті жаттығу мен тынымсыз еңбектің арқасында бұрымды біріншілікте болашағынан үлкен үміт күттірер шәкірт екендігін көрсетті.

Айнұр Қадырменова – таэквондодан Азия чемпионатының алтын медаль иегері:

– Таэквондоның тул сериясында үйренгеніңді көрсету қиынның-қиыны. Өйткені сен елес қарсыласыңа соққы жасауың тиіс. Бұл жерде спортшының соққы жасау кезінде аяқ-қол қимылының нақтылығына мән беріледі.

Ал Глеб Лымарь алтынға қолы жетпесе де, өңір құрамасының қоржынына күміс медаль салды. Спарингте жұдырықтасқан бозбала 4 кездесуінің тек 1-уінде ғана жеңіліс тапқан.

Глеб Лымарь – таэквондодан Азия чемпионатының күміс медаль иегері:

 

– Мұндай кең ауқымдағы турнирге алғаш қатысуым. Бірінші кездесуді ресейлік таэквондошымен, келесілерін Қырғыз елінің спортшыларымен өткіздім. Алайда, ақтық кезеңде қазақстандық таэквондошыдан ұтылып қалдым.

Жалпы ұдайы өткізілетін халықаралық жарыстарда Қарағанды мен өңір таэквондошылары шетелдік спортшыларға жоғары бәскелестік көрсетіп келеді.

Бақыт Сәдуақасов.