Бизнес және экономика

Қызыл сызықтың бойына дүкен тұрғызған кәсіпкердің құжаттары тексеріліп жатыр

Іскер азаматтың айтуынша, нысан мен жердің құжаттары заң жүзінде ресімделген. Алайда, осы жылдың басынан оны Петропавл қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі мен жер инспекциясы басқармасының мамандары бірнеше рет келіп тексеріп кетіпті. Ол тексерістерді кәсіпкер заңсыз дейді. Қалалық прокуратураға барып шағымданбапты. Себебі, тексерістердің өтуіне ұйытқы болған солар дейді.

Руслан Асланов – “Асланова” ЖК жетекшісі:


–  Соңғы үш айда сәулет және қала құрылысы бөлімі мен жер инспекциясы басқармасының мамандары үш рет тексеріс өткізді. Жердің құжаттары дұрыс емес деп бір рет сотқа шақыртты. Бірақ, судьялар шешімді менің пайдама шығарды. Алайда, арада көп уақыт өтпей тексерістер қайта басталды. Наурыз айында дүкеніме облыстық жер инспекциясы басқармасының мамандары келді. Айтуларынша, оларды қала прокурорлары жіберген.

Қала прокурорлары жеке кәсіпкер Руслан Аслановты Алматы-Петропавл базарының қожайыны Фамил Абдуллаевтың шағымы негізінде тексерген.

Фамил Абдуллаев – Алматы-Петропавл базарының қожайыны:

– Руслан Асланов қызыл сызықта тұрған жер учаскесін заңсыз жолмен сатып алды. Заң бойынша қызыл сызыққа ешкім иелік ете алмайды. Ол маң – телімі барлығына ортақ, былайша айтқанда, халықтың жүріп-тұруына арналған жер. Ал Асланов болса қызыл сызықтың бойына сауда дүңгіршіктерін орнатып тастаған. Маған ол біраз қиындық тудырып тұр. Келешекте емхана мен мешіт тұрғызатын болсам, қызыл сызықтың бойындағы дүкен көліктердің өтуіне кедергі болады.

Бұл істің ақ-қарасын ажырату үшін қадағалушы орган Жұмысшы кентіндегі Руслан Аслановтың жерін тексеріуге тапсырма беріпті.

Алмаз Таев – Петропавл қалалық прокуратурасының прокуроры:

– Руслан Аслановтың дүкені орналасқан жерді прокурорлар тексерген жоқ. Біз тек оның жерді мақсатты пайдаланып жатқандығын білу үшін Петропавл қаласының жер қатынастары бөліміне сұрау салдық. Содан кейін құзырлы мекеменің мамандарына Руслан Аслановтың дүкені орналасқан жерді тексеруге рұқсат бердік.  

Петропавл қалалық прокуратурасының прокуроры Алмаз Таевтың айтуынша, дүкен қожайыны Руслан Аслановтың жеріне қатысты тексеріс нәтижесін Петропавл қаласының жер қатынастары бөліміндегілер шығарады.

Берік Қасен