МТРА жаңалықтары

Петропавлда «BARTEC Kazakhstan» ЖШС отқа оранды

Құтқарушылар оқиға орнына жеткенде нысанның шатыры отқа оранып, 300 шаршы метр аумаққа жайылып кеткен. Бұдан апат жайлы ақпараттың кеш түскендігін аңғаруға болады дейді мамандар.

Евгений Журавлев – СҚО ТЖД бас маманы:

 

– Отпен арпалысуға қаладағы 5 өрт сөндіру бөлімі жұмылдырылды. Бұл – 20 техника мен 74 адам. Сондай-ақ, «Оңтүстік-Орал темір жолы» АҚ мен «Өрт сөндіруші» ұйымының құтқарушылар командасы және «Қызылжар су» ЖШС қызметкерлері мен техникасы да көмекке келді. Соңғылары сумен қамтамасыз етіп отырды. Құтқарушыларға өртті сөндіру оңайға соқпады. Кәсіпорынның ішінде газ баллондарының жарылу қаупі басым болды. Соған қарамастан олар 2 оттегі және 3 газ баллонын сыртқа алып шықты.

Қызыл жалын 900 шаршы метрден астам аумаққа жайылып кеткен екен. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ.

Өрт зауыттың аумағында орналасқан темірден түрлі бұйымдар жасайтын «Кузница» кәсіпорнына да зардабын тигізген. От толығымен кешкі 21.15-те ауыздықталыпты. Қазіргі күні өрттің шығу себептері мен келтірген шығыны анықталу үстінде. Еске сала кетейік, өздігінен жылу реттегіш кабель шығаратын бұл зауыт қаңтар айында ғана ашылды. Индустриаландыру картасының екінші бесжылдығы аясында жүзеге асырылған жобаны шетел инвесторлары қаржыландырып, 600 млн теңге инвестиция құйған болатын.

Магжан Ахмадина