Қоғам

Түрлі ұйымның мамандары медиация институтын дамыту жөнінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Кейбіреуі, тіпті медиацияны медитациямен шатастырған екен. Ал қазір жағдай басқаша, институтқа тұрғындардың сенімі артып келеді. Жиынды ашқан аймақ басшысы Ерік Сұлтанов бұл рәсімнің судьялардың жұмысын біршама жеңілдетіп, сот жүйесін дамытуға оң ықпалын тигізеді деді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Елбасы Н. Назарбаев сот кеңесінің кезекті съезінде медиация институтын дамытып, әлемдік деңгейге жеткізуді тапсырды. Екі жақты даулы істерді сотқа дейін шешу бүгінде аса маңызды мәселе.

Бүгінде аудан әкімдіктерінде, сот ғимараттарында медиация кабинеттері жұмыс істеп тұр. Медиация институты дауласушы тараптарды татуластырып, олардың мәселелерін заң жүзінде шешу үшін құрылған. Яғни, бұл жерде азаматтар істі сотқа дейін жеткізбей,
қағазбастылықтан арылып, уақытын, ақшасын үнемдеуге мүмкіндік алады. Заңгерлердің көмегіне кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындар жүгіне алады. Олардың жеке басына қатысты мәселелері мен барлық мәліметтері құпия сақталады. Және оған медиаторлар кепілдік береміз деп уәде етуде. Өңірімізде “Солтүстiкқазақстандық “Содружество” Құқық және Медиация Орталығы” ҚБ 3 жыл жұмыс істеп тұр. Осы уақыт аралығында орталықтағы 25 кәсіби медиатор тұрғындардың мәселесіне араласып, 260-тан астам істі сотқа жеткізбей шешіпті.

Галина Пехотина – “Солтүстiкқазақстандық “Содружество” Құқық және Медиация Орталығы” ҚБ төрайымы:

– Орталық Ұлттық банктің жергілікті филиалы, тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті және облыстық сотпен өзара әріптестік жөніндегі меморандум бар. Ал бүгінгі келісімнің жөні, тіпті бөлек. Біріншіден, тұрғындар арасында орталығымыздың беделі арта түседі. Екіншіден, біз түрлі ұйымдар, құқық қорғау органдарымен етене жұмыс істеуге мүмкіндік аламыз.

Бұдан былай өңіріміздегі медиацияның дамуына түрлі сала өкілдері атсалыспақ. Салтанатты жиында судьялар, “Нұр Отан” партиясының мүшелері, Қазақстан халқы Ассамблеясы, облыстық адвокаттар алқасы, нотариалдық, кәсіпкерлік палаталары сынды ұйымдардың мамандары өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды. Олардың қатарында облыстық қоғамдық кеңестің өкілдері де бар.

Қайырлы Едресов – СҚО қоғамдық кеңесінің төрағасы

– Жиында айтылғандай, биыл 15 млн теңге халыққа қайтарылған. Медиация көмегіне жүгінбесе, бұл ақшаны тұрғындар соттың қызметтеріне төлеуші еді.

Бұдан соң аймақ басшысы жиынға қатысушыларға жемісті еңбек тілеп, бүгінгі келісімнің Елбасы тапсырмаларын нәтижелі атқаруға септесетіндігін жеткізді.

Берік Қасен