Қоғам

Петропавлдағы Солнечный кентінде қоғамдық көлікпен қатынау қиындады

 

“Жығылғанға жұдырық” демекші, оған қоса елді мекен халқын шаһармен байланыстыратын 27-ші бағыттағы қоғамдық автобустар кент ішінде қатынауын қойған. Күнделікті жұмысқа автобуспен баратын жергілікті тұрғындар, көлік бағытының осылайша өзгеруіне наразылықтарын білдірді.

Кристина Скучас:

– Көшеде аяқ алып жүру тіптен қиындап кетті. Өзім жүктімін. Ауруханаға бару үшін үйіге такси шақыртуға тура келеді.


Сәуле Шияпова:

– Менің үйім мен аялдаманың арасы 1 шақырымды құрайды. Өзім – 7 баланың анасымын. Балаларым автобустың жиі жүрмейтіндігінен мектепке кешігіп жатады.

Виктор Ульянов:

– Көшелердегі жолды реттеуге болады ғой. Автобустың кент ішінде қатынамауына басты себеп – жол мәселесі деп ойлаймын. Біріншіден көшені қалыпқа келтіру қажет.

Ал жолаушы тасымалдайтын көлік жүргізушілері болса, тұрғындарға түсіністікпен қарауларын сұрайды. Айтуларынша, батпақ пен шұңқырға толы кентте автобуспен қатынау, көліктің жиі істен шығуына себепкер болатын көрінеді. Бүгінде “Құсайынов” жеке кәсіпкерлігіне қарасты 12 автобус Солнечный кентінің тұрғындарын діттеген жеріне жеткізуге жауапты.

Николай Синицкий – “Құсайынов Б.С.” ЖК жүргізушісі:

– Бұл аудандағы жолдың қандай жағдайда екендігін өздеріңіз де көріп тұрсыздар. Жаяу түгіл көлікпен жүру мүлдем қиындап кетті. Кей автобустарымыз сазға кіріп, шыға алмай жатады. Көшені қалыпқа келтірсе дұрыс болар еді. Ойылып кеткен жолмен қатынаған автокөлік те ұзаққа бармай істен шығады.

Қалалық әкімдіктегілер наурыз айында осындағы ойылып кеткен шұңқырларды бітеуге қиыршық тас әкелгенін айтты. Алайда, біздің түсіру тобымыз аудан көшелерінде төселген құмды байқамады.

Азат Бейсенбин – Петропавл қаласының ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:


– Біздің бөлімге жолаушы тасымалдайтын жеке кәсіпкерден Солнечный кентінің көшелерін жөндеуге қатысты ұсыныс келіп түсті. Қазіргі уақытта бұл мәселені шешу жолдарын қарастырып жатырмыз.

Расымен де кент ішіндегі көшелердің жағдайы мүлде мүшкіл. Қалай болғанда да енді қалалық әкімдік көп жылдан бері көктем мен күзде лайдан зардап шегетін аудан тұрғындарына биыл қол ұшын береді деген үміт оты оянды.

 

Бакыт Садуакасов