Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдікте су тасқыны мен орман өртінің алдын алуға қатысты даярлық барысы пысықталды

Сонда бүкіл қар еріп облыстық және аудандық маңыздағы 179 жол учаскесін су басуы мүмкін. Қазір кейбір елді мекендердегі жағдай мәз емес.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл Тайынша ауданында 30 жыл су алмаған Донецкое елді мекенін алқаптардан келген қызыл су басты. Бүгінде қауіптің қайдан келетінін ешбір адам дөп басып айта алмайды. Сондықтан, аудандарда қауіпсіздік шараларын күшейтіңдер. Техника, қажетті жабдықтар мен адам күші жеткілікті болсын. Оқиға орнына дереу жетуге әрдайым дайын болыңдар.

Қазір төтенше жағдай орын алған елді мекенде құтқарушылар, ІІД қызметкерлері тартылып, күшейтілген режимде жұмыс атқаруда. Жиында орман өрттерінің алдын алу мәселесі де қаралды. Тілсіз жауды дер кезінде ауыздықтау үшін бүгінде техникалар да сайланып жатыр.

Анатолий Усольцев – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:


– Былтыр орман шаруашылықтарына “УАЗ”, “НИВА” көліктері, МТЗ тракторы сатып алынды. 10 радиостанция, 8 жер жыртуға арналған тіркемелі қондырғы, жоғары қысымды 3 өрт сөндіру құрылғысы, 15 су сепкішке ие болдық. Былтыр орман шаруашылықтарындағы техника паркін жаңартуға жалпы құны 33 млн теңге жұмсалды. Биылға 27 тонна дизельдік отын мен 22 тонна бензин алынды.

Өңірдегі өрт сөндіру қауіпсіздігі ережелерін сақтау әсіресе, ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге қатысты болып тұр.
Шаруа қожалықтары былтырғыдан қалған сабандарды жағып, тиесілі алқаптарына жақын орналасқан ағаштардың жиектерін жыртпайды. Мамандардың айтуынша, орман өрті соның салдарынан жиі орын алуда. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов ережелерді бұзған шаруашылықтарға 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынсын деді. Және аудандар мен округтерде ерікті өрт сөндірушілер жасағын құруға тапсырма берді.

Жиында бұдан кейін өңірдегі автожолдарды жөндеу және оларды күтіп ұстау сөз етілді. Ведомство жетекшісі Бейбіт Исмановтың мәліметінше, өткен жылы облыста 260 шақырым жол қабаты жөнделіп, олардың тозу көрсеткіші 2 пайызға төмендепті. Ал осы жылы қазыналардан 5 млдр 813 млн теңге бөлініп, бұл қаражат облыстық және аудандық маңыздағы 360 шақырым жолдың жекелеген учаскелерін қалыпқа келтіруге жұмсалмақ.

Бейбіт Исманов – СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Биыл 1 млрд 471 млн теңге өңірдегі 46 шақырым жолды орташа жөндеуге жұмсалады. Онда біз салқын ресайкілеу әдісін қолданамыз. Бұл жұмыстар Айыртау, М.Жұмабаев, Есіл, Тимирязев аудандарында атқарылады.

Аймақ басшысы салқын ресайкілеу әдісін қолдану арқылы ұтарымыз көп дейді. Бұдан жолдардың сапасы ақсамайды. Керісінше, күрделі жөндеуден еш кем түспейтін көрінеді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Салқын ресайкілеу әдісін қай жағынан алып қарасаң да тиімді болмақ. Біріншіден, осы әдісті қолдану арқылы қаражатты біршама үнемдеуге болады. Мысалы, стандартты жағдайда 1 шақырым жолға 140 млн теңге шығындалады. Ал салқын ресайкілеу әдісін қолдансақ 1 шақырым жолға небары 30 млн теңге қаражат жұмсап, 110 млн теңгені әбден тозығы жеткен жолдарға бағыттауға мүмкіндік аламыз. Мен жақында Айыртау ауданына барып, ондағы салқын ресайкілеу әдісімен жөнделген жолдарды қарадым. Шынын айтайын, сапасына көңілім толды. Сондықтан бұл жұмысты биыл біз батыл түрде жүзеге асыра аламыз.

Берік Қасен