Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда суды сорып алу жұмыстарына 34 бірлік техника тартылған

Раиса Гриневич – Жұмысшы кентінің тұрғыны:

-Қар ери бастап еді, барлық құбырлар мен жыралар жабылып қалды. Көршімнің үйі толығымен су болды. Соның ауласынан менің үйіме қарай су келеді. Жиһаздарым былғанбас үшін алдын ала көтеріп қойғанмын. Бұл жолы тек гаражым ғана су астында қалды.Тиісті жерлерге хабарластық. Көмек келді ғой, әйтеуір.

Дәл қазір бұл ауданда жаяу жүрудің өзі қиын. Суворова көшесі батпаққа айналған. Өйткені шалшық су өтетін құбырлар жабылып, жыралар қатып қалған . Бірақ кеше кешкісін мамандар арнайы техникамен келіп, бұл олқылықтарды жоюға тырысқан.

Наталья Лебедева – Жұмысшы кентінің тұрғыны:

-Мұнда тұрғанымызға 10 жыл болды. Ауданымыз көктем келе су астында қалады. Өз күшімізбен суды тоқтатуға тырысамыз, әрине. Бірақ жыралар қатып қала береді. Болмағасын телефон шалып, қызметкерлерді шақырттық. Кеше олар кешкі 9-дан түнгі 2 дейін қызу жұмыс істеді. Судың бәрін шығаруға тырысты. Рахмет.

Бүгінде «үймізді су басты» деген қоңыраулардың саны толастар емес. Апта басынан бері мамандар 416 шағым қабылдап үлгерген. Оның 150-ден астамы кешегі тәулікте келіп түскен.

Мереке Мұхамедьяров – Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

-Қаланың жекелеген шағын аудандарын су басып жатыр. Өйткені биыл қар екі есе көп жауды. Халыққа қалалық әкімдік жанынан құрылған штаб уақытында көмекке келуге тырысып жатыр. Әр ауданға бір адамнан бекітілді.

Бүгінде облыс орталығында 34 бірлік техника суды тартып шығарумен айналысуда Дәл қазір ол көліктер Жұмысшы кенті, Береке және Ойқала аудандарындағы шаруаға жұмылдырылған.

 

Айгерим Ержанова