Мәдениет

Петропавлда 1+1 ән байқауының финалдық кезеңі өтті

-Сайыстың басталуына аздаған минуттар қалды. Қазір әншілер аздан соң сахнаға шықпақ. Ал бұл жерде өнерпаздар соңғы дайындарын пысықтауда.

Мұнда, әншілердің көбі жанындағы әріптестерімен әзілдесіп отырса, енді бірі қолбалжудан жанын қоярға жер таппай жүр.

Көп кешікпей асыға күткен сахна шымылдығы ашылды. Концертті жергілікті “Автобус” ансамблінің жігіттері бастап, көрерменнің зор қошеметіне бөленді. Жалпы, биыл жоба финалына іріктеуден сүрінбей өткен 11 өнерпаз қатысуда. Олар сайыста кәсіби шеберлермен жұп құрып, бақтарын сынамақ.

Вячеслав Дюднев – қазылар алқасының мүшесі, Омбы қаласы, РФ:

-Бұл байқау – талантты өнерпаздарға жол ашатын тамаша мүмкіндік. Олар осы жобадан кейін әнші атануларына да болады. Бізде Омбы қаласында мұндай сайыс өтпейді. Қазір біраздан соң шын мықтыны анықтаймыз. Төрелік міндетті түрде әділ болады.

Сәлден кейін жоба қатысушыларының өнерін тамашалайтын сәт те келіп жетті. Олар байқаудың алғашқы кезеңінде әнді минуспен айтулары қажет. Мұнда өнерпаздар қазақ, француз, орыс, итальян тілдерінде өнер көрсетті. Сахнаға 6-шы болып шыққан Евгений Грязнов пен Дарья Емельянованың жұбы жұртшылықты тіпті таң қалдырды. Олар қазіргі күні халыққа жақсы таныс – Қайрат Нұртас пен Нюшаның орындауындағы “Алматы түнін” шырқады.

Жалпы, бұл жұпта Евгений кәсіби шебер болса, Дарья – әуесқой әнші.

Евгений Грязнов – байқауға қатысушы:

-Бүгін біздер үшін маңызды күн. Өйткені, біріншіден жоба финалына өттік. Қазір ғана екеуміз қазақша ән айтып шықтық. Өзіміздің көңілімізден шықты. Еш қиындығы болған жоқ. Менің репертуарымда 200-ден аса ән болса, соның 30-ы – қазақ тілінде. Ол әндерді концерттерде, той-томалақтарда жиі шырқаймын.

Бұдан соң сахнаға барлық 11 жұп шығып жобаның алғашқы кезеңі де аяқталды.

-Міне, көзді ашып-жұмғанша байқаудың алғашқы кезеңі де аяқталып қалды. Енді өнерпаздар сайыстың екінші бағдарламасы бойыншы сынға түспек. Онда жоба қатысушылары жанды дауыста музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен ән айтатын болады.

Бұл кезең көрермендер үшін тіпті қызықты болды. Өйткені, олар өнерпаздардың жанды дауыста ән салуларын асыға күткен болатын.

Бұл сайыста қазылар әншілерге өз дауыстарын жасырын берді. Яғни, ұпай көрермендерге де сахна жұлдыздарына да белгісіз. Концерт соңында үздіктерді анықтайтын сәт те келіп жетті. Мұнда қазылардың шешімімен Василья Хабибулина Мен Әсел Шаяхметтің жұбы жеңімпаз атанды. Өнерпаздарға 100 мың теңге көлемінде ақшалай жүлде мен түрлі бағалы сыйлықтар табысталды.

 

 

Култанов Байболат